Журналист Гүлбану Әният: "Сәндидаттар" тағы үш апта цирк қоятын түрі бар
Белгілі журналист Гүлбану Әният президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекованың "Жылтыр көйлек" әніне билеп, оны желідегі парақшасына жүктеп қойғанына қайран қалды. Айтуынша мұндай әрекеттер халықтың психологиясымен ойнау, мазақ ету. Басқа да кандидаттарға тоқталған журналист ешқайсысынан салмақты ой, дұрыс жоспар көрмегенін айтқан, деп жазды KYN.KZ сайты.
"Бүгін ерінбей кандидаттардың парақшаларын шолып шықтым. Істеп жүргендері ұят екен. Елде проблема көп қой. Бірақ біздің ешкім танымайтын сәндидаттар шоу жасап жүр.
Әсіресе, “Мақсатым - президент болу емес» деген Салтанат Тұрсынбекованың қылықтары біртүрлі екен. Сәндидатымыз мәз, бір топпен билеп жүр. Және онысын мақтанып парақшасына өзі салып қойыпты. Өзін көрсетудің жөні осы екен деп билеп жүргені сайлаушылардың жүйкесіне тию ғой.
Салтанаттың өзіне бұл күлкілі шығар, бізге түк күлкілі болмады. Ал. Қарақат Әбден бие сауып, Жигули атамыз сынған сүйекті сындырып күлкіге қалды. Оппозицияның рөлін ойнап жүрген Нұрлан Әуесбаев екі сөздің басын қосып, сөйлей алмайды.
Мейрам Қажыкен студенттермен кездесіп, 4 облысты аралап үлгеріпті. Бұл кісіден сөкеттік ештеңе байқамадым. Кім біледі, сайлауға дейін әлі үш апта бар, оған дейін сәндидаттарымыз әлі түрлі цирк қоятын сияқты ғой",-деп жазды журналист Гүлбану Әниятқызы.