Басты жаңалықтар

Мысырлыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы: Араб күйеуім қызымды Африкаға алып кетті

Мысырлық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы баласынан көз жазып отыр деп хабарлайды KYN.KZ сайты «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасап.

Елімізге белгілі халық би ансамблінің бишісі Гүлназ Қайырбаева Африка мен Азияның ортасында орналасқан Султанат Оман еліне іссапарға барып жүріп, Амр Эль-Шербини Ахмет есімді араб жігітпен танысып, көңіл қосады. Араб жігітпен Мысырда мұсылмандық некеге, ал Қазақстанға келіп, заңды некеге тұрған. Төрт жыл бойы некеде болған жұп бір жарым жыл ғана бірге тұрған.

Өкінішке қарай, отандасымыздың аталған екінші некесі сәтсіз аяқталды. Каирде бірге тұрып жатқан пәтерінен күйеуі Амр Эль-Шербини тамыз айында қызын белгісіз себеппен Батыс Африкада орналасқан Кот-д’Ивуар мемлекетіне ұрлап алып кеткен. «Әпкемді вокзалдан алып келеміз» деп алдап кеткен араб жігіті: «Қызды көргің келсе, Қазақстанған қайт. 4-5 күннен кейін виза мен билет алып беремін. Кот-д’Ивуарға келесің», - дейді Гүлназға.

Сонымен Гүлназ Қайырбаева мысырлық ғашығының сөзіне сеніп, Қазақстанға келді. Бірақ бір айдан кейін Амр Эль-Шербини қызын алып, Африкаға бара жатқанын айтып, видео жолдайды. «Бала анасына қайтарылсын» деген сот шешімін пысқырмаған күйеубала бүгінгі күні қыздың суретін де көрсетпей, «менің көзім тірі кезде бұл қыз Египеттен ешқайда шықпайды. Мен өлсем ғана алып кетесің», - деп отыр.

3 жастағы баласын көрмегеніне 3 айдың жүзі болған ананың еңірегенде етегі толады. Мысырдағы Қазақстан елшілігіне хабарласқан ана: «Дұрыс жасаған. Ол оның әкесі, қызды тартып алуға біздің құқымыз жоқ. Оның орнында болсам, мен де солай жасайтын едім», - деген жауап алған. «Қайтсем қызымды көремін, қалай қайтарамын» деп басы қатқан жас ана не істерін білмей дал.