Басты жаңалықтар

Мысырлық күйеуінің шариғи талаптарына шыдамаған Гүлназ 3 жасар қызын өзіне алатын болды

Қазақ қызының осыдан 3 ай бұрын із-түссіз кеткен араб күйеуі мен қызына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды KYN.KZ сайты «Көреміз» тележобасына сілтеме жасап.

Қашқын күйеудің айтуынша, 5 ай бұрын Гүлназ Қазақстанда, ал араб жігіт өз елі, Мысырда жүрген кезінде Гүлназдың әжесі мен апасы қайтыс болады. Сол уақытта Гүлназдың әкесі Мысырда жұмыс істеп жүрген еді. Гүлназ әкесіне анасының қазасын естіртейін деп Амр Эль-Шербиниге қайт-қайта қоңырау шалады.

Тұтқаны көтермеген жұбайына қатты ашуланады. Әкесіне Қазақстанға қайтуға билет алып беруін сұрап, сол үшін араларында кикілжің болады. Күйеубаланың сөзіне сенсек, сол уақытта Гүлназ мысырлықты, тіпті оның туған-туысқандарын да балағаттап, хабарлама жазып, өзін бұғаттап тастапты-мыс.

Катарға жұмысқа кеткен Амр Эль-Шербини «қызым Жәмиланы қалай Мысырға алдырамын, Гүлназды қалай көндіремін» деп басы қатып, 20 күн бойы әйеліне хабарласады. 20 күннен кейін ғана сөйлескен Гүлназ: «Саған не керек», - деп дөрекі жауап қатқан. Бар ойы қызын Мысырға алдыру болған Амр Эль-Шербинидің бұл кезде әйеліне деген сенімі сейілген еді.

Ол әйелін алдап, қызын алғанша онымен барынша жылы сөйлеседі. Күйеуінің жұмсарғанын көрген қазақ қызы: «Егер қайтқанымды қаласаң, бұрынғыдай шариғи талап қоймайсың, «орамал тақ» демейсің, мені бұрынғы қалпымда қабылдайсың», - деген шартын айтады. Амр Эль-Шербини қызы Жәмила үшін отандасымыздың айтқандарына келісіп, Қазақстан – Египет бағытына 7 мың долларға билет алады.

Әйеліне деген көңілі суыған Амр Эль-Шербини қызын Африкаға алып кеткенде Гүлназдан біржола құтылғысы келіп: «Қазақстанға қайт, 4-5 күнде билет алып беремін, Кот-д’Ивуарға келесің», - деп, Гүлназды елге қайтарып жіберіп, өзі телефонын сөндіріп тастайды. Бүгінгі күні: «Гүлназ менімен бірге Мысырда тұрғысы келмеді, енді қызымды көруді, менімен сөйлесуді, тіпті армандамасын», - деп отыр қашқын күйеу.

Ал Гүлназ Қайырбаева: «Күйеуім маған «бала керек болса, алдыма төрт аяқтап келіп, барлық айтқанымды істейcің», деп талап қойды», - дейді.

«Египет Араб Республикасының 2020 жылғы заңының 1, 2-тармағына сәйкес, бала анасына қайтарылсын» дейтін Мысыр сотының шешімі де шыққан.

Сонымен Қазақстан Республикасы 2012 жылы ратификациялаған «Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы» конвенция негізінде Мысырдың орталық құзырлы органы баланы тауып, Қазақстан елшілігіне табыстайтын болды. Бүгінде Каирдегі Қазақстан елшілігі 3 жасар Жәмиланы табуға білек сыбана кірісіп отыр.