Жамбыл тұрғыны: Дәрігер баланың қан сынамасын жуан инемен азаптап алып,соңында өлтіріп алды
3 айлық нәрестенің нағашы әпкесі оқиғаның қалай болғанын айтып, елді шошытты. Сөзінше жиені түнде өзін нашар сезінген, жылап, шошып оянған. Ертеңгісін ауруханаға барып бас -аяғы бірнеше сағаттың ішінде өздері ойнатып алып барған балақайды, өлі күйінде алып қайтқан, деп жазды KYN.KZ.
"Бала түнде бірнеше рет шошып жылап, мазасыз болды. Таңертең анам, сіңлім бәріміз Меркі аудандық емханасына бардық. Медбике баланы алған кезде шақалақ жылап та тұрған жоқ еді. Ойнап, әдеттегідей өзін ұстады. Содан, дәрігер қарады.
Ешқандай аурудың белгісін байқамағандықтан қан сынамасын алуды жөн көрді. Медбике баланы арнайы бөлмеге алып кіріп, анамды шығарып жіберді. Өйткені анам "Баланы жуан инемен қинап, жанын ауыртып тұрсыз" деген ескерту айтқан. Олар алды да анамды шығарып жіберді. Сол аралықта бала тоқтаусыз шыңғырып жылады. Ақыр соңында көгеріп қатты.
Біз жан ұшыра көмектесулерін сұрадық. Басқа жақтан дәрігерлер шақыртты. Ол дәрігерлер келмей жатып бала шетінеп кетті. Енді ойнап барған баланы сол жерде шырылдатып жылатып, өлтіріп алған дәрігерлер өз кінәсін мойындамай тұр. Қайта бізді өлімге себепкер етіп отыр. Баланы дер кезінде алып келмедіңдер деген айып тақты",-дейді әйел.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева әлеуметтік желіде нәрестенің неден қайтыс болғаны жөнінде ақпарат жариялады. Оның айтуынша, қайтыс болған нәресте 2 күн бойы ауырған. Туыстары оны дәрігерлерге көрсетпеген, 3 айлығына дейін мамандардың қабылдауына әкелмеген көрінеді.
"Баланы алғаш қабылдаған сәтте жағдайы ауыр болған. Тыныс алуы қиындап, жүрек-қан тамыр жүйесі зақымданған. Кейін белгілі болғандай, сәбидің миына қан бармай қалған",— деп жазды Толқын Өмірбаева.
Ал шетінеген сәбидің туыстары баланың өліміне дәрігерлер кінәлі деп полицияға арызданатындарын айтты.