Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Болманов: Әйел адам екен деп Ырза Тұрсынзадаға ғимаратты беріп қоймаймын

Болманов: Әйел адам екен деп Ырза Тұрсынзадаға ғимаратты беріп қоймаймын
ашық дереккөз
Болманов бұған дейін қолөнершінің жұмыстарына талай мәрте қолдау көрсеткенін айтып өкінді
Қазақстандық продюсер және кәсіпкер Қыдырәлі Болманов қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың ғимарат туралы даулы мәлімдемесіне жауап берді, деп KYN.KZ  ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 2018 жылғы 22 маусымында Ырза Тұрсынзада Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаны Астанадағы Майлин көшесінде орналасқан ғимаратты заңсыз иемденді деп айыптаған болатын. Болмановтың айтуынша, даулы ғимарат коммуналдық нысан болып табылады және оны балалар мектебіне ыңғайлы орын ретінде құзіретті органдар тағайындаған. «Бір жарым жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектеп ашу туралы әкімдікке хат жазылған болатын. Бұл мектепте оқу ақысын төлеу мүмкіндігі жоқ балалар оқиды. Олардың кейбірі науқас, бірақ талантты, ең бастысы өнер үйренуге ынталы балалар. Осылайша, елуден астам бала оқуға жазылды. Бірақ, мектептің өзі жалға алынған, ондағы 25 мұғалімге жалақы төлеу керек. Балалардың тең жартысын тегін оқыта алмағандықтан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әкімдіктен төмен бағада ғимаратты жалға алуға өтінім білдірдік. Қазірдің өзінде 30 баланы тегін оқуға қабылдап қойдық, олардың арасында науқас, ата-анасыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен балалар бар», - деді Қыдырәлі Болманов Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Қыдырәлі Болмановтың қорғаушысы Аманбол Әбеуов барлық заңды құжаттарды көрсетіп, заңсыз тұрғындардың ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын жеткізді. Нысанды жалға берген «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпоративі 2017 жылдың желтоқсан айында ғимаратта тұрып жатқан заңсыз тұрғындарды анықтау туралы ішкі істер органдарына өтініш жазған. Кейінірек, 2018 жылдың қаңтар айында Астана қаласының Алматы ауданы әкімдігі де полицияға жүгінген. Бірақ, ғимараттағы заңсыз тұрғындар анықталмаған және кері байланысқа шықпаған. «Астана» ӘКК мен «Қарақат» мектеп-студиясын» басқаратын «Айсұлтан Арт» компаниясы арасында келісімшарт орнаған соң, компания адвокаттық кеңсе жалдаған. Адвокаттық кеңсе жинаған деректерге сәйкес, сот ғимаратта заңсыз тұрып жатқан тұлғаларды мәжбүрлеп көшіру туралы шешім қабылдаған. Құзырлы органдар да, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина да ғимаратта кімнің тұрып жатқанын анықтай алмаған», - деп түсіндірді заңгер. Өз кезегінде Болманов құқықтық жұмыстармен мектеп директоры айналысқанын, ғимаратта қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың тұрып жатқанын білмегенін айтты. «Ырза апаймен етене араласқан емеспіз, бірақ сәлеміміз түзу. Жарнамалық қолдау сұрағанда да, барынша көмектестік. ЭКСПО-да үлкен киіз үй тікті, оған Қарақатты кішкентай сәбиімен фототүсірілім жасауға шақырды. Сонда Қарақат үлкен кісінің өтінішін жерге тастамай, қырқынан шықпаған сәбиімен барды. Ырза апайдың «Үйіме талай келді, киіз үйімде фотоға түсті» деуі жалған. Бұл ғимаратқа келіп көрмегенбіз және Ырза Тұрсынзаданың қайда тұратынын да білмегенбіз. Қарақаттың бес баласы бар, эфирлік уақыты бар, көптеген қоғамдық жұмыстарымен айналысады. Мектептің іс-қағаздарына мүлдем араласпаған. Мен де концерттің шаруаларына көңіл бөліп, құқықтық жұмыстарды адвокаттық кеңсеге тапсырғанмын. Ғимаратта этноөнерді насихаттап жүрген Ырза Тұрсынзаданың тұрып жатқанын әлуметтік корпоратив, ішкі істер басқармасы, әкімдік анықтай алмағанда, біз қайдан білеміз? Адвокаттар мен сот орындаушылар Ырза Тұрсынзаданың кім екенін танымайды,  олар заңға сәйкес өз міндеттерін атқарған», - деп өз сөзін толықтырды Болманов. Продюсердің айтуынша, ғимараттың алдағы тағдыры әлі де белгісіз. «Бұл нысан ешкімнің меншігіндегі дүние емес. Мемлекет тарапынан жалға берілетін ғимарат. Сондықтан, Ырза апайдың жасын сыйлап, бас тартайық, бере салайық деген әңгіме жүрмейді. Ол кісі де бізге бір ауыз хабарласпастан, журналистерді жинап алып, біздің тарапқа айыптауларды боратты. Әйел адаммен тартыспайын, үндемей қоя салайын дедім. Бірақ, есейіп қалған ұлым әлеуметтік желіден көріп, «Әке, бұл рас па?» деп сұрақ қойды. Біздің арымыз таза, біз ешкімнің мүлкін тартып алған жоқпыз. Ертерек білгенде бәлкім іс оңай шешілер ме еді? Отбасымды қорғау үшін, бізге қарсы айтылып жатқан сөздерге тоқтау салу үшін сіздерді жинап отырмын», - деді Қыдырәлі Болманов
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар