«Сәт» триосының мүшесі өзін базарда ән салуға мәжбүр еткен себепті айтты (видео)
«Сәт» триосының мүшесінің Алматыдағы Алтын Орда базарында ән айтып тұрған бейнеролигі тарап, желідегі жұрт әншінің жағдайына алаңдаулы деп хабарлайды KYN.KZ.
Кезінде «Қайтер едік өмірге келмегенде» әнімен жұрттың жүрегіне жол тапқан «Сәт» триосының тарағанына 4-5 жыл болды. Топ мүшелері бүгінде жан-жақта, зағип болғанына қарамай, өз арбаларын өздері сүйреп жүр.
Алматының Алтын Орда базарында ән айтып тұрған «Сәт» триосының мүшесі Азат Әбілдаев өзінің қазіргі жағдайын айтты. Айтуынша, бүгінгі таңда әнші Қапшағайда орналасқан «Балдаурен» лагерінде музыкант болып қызмет етіп жүр. Бүған дейін Астана, Алматы қалаларына гастрольдік концерттерге барып жүрген.
«Алтын Орда базарының жол бойында ән айтып тұрған Әділет есімді жігіт менің өтіп бара жатқанымды көріп, танып, «Қайтер едік өмірге келмегенде» әнін орындап беруімді өтінген еді. Ол жігітті танымаймын. Өзі сонда күнде ән айтып, ақша табады екен. Мен де жігіттің өтінішін жерге тастағым келмей, орындап бердім. Бірақ әлеуметтік желіде жұрт оны басқаша қабылдап жатыр екен. Оны естіп, өзім де таң қалып отырмын», - деді әнші.
Азаттың трио тарағалы бері 10 жеке әні, «Ай-күнімсің» атты бейнеклипі жарық көрген. «Әндерім шыққанымен, жұртқа таралуы қиын, баяу жүріп жатыр», - дейді.
Анасы мен інісі Шымкентте тұратын Азат жалғыз өзі шығармашылығын насихаттап жүр. Колдайтын демеушілер болса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді әнші.
Айта кетейік, қазіргі таңда топтың қалған екі мүшесі – Cапарбай мен Тұрар басқа қалаларда. Тұрар денсаулығына байланысты Шымкентте үйінде, ал Сапарбай Ақтөбеде Мүмкіндігі шектеулілерге арналған орталықта музыкант ретінде қызмет атқарып жүр.