Психолог Ержан Мырзабаев: Жаңа үйленген жастар әке-шешеден бөлек тұрғаны дұрыс
Түрлі отбасылық мәселелерге қатысты өткір ойларымен, пайымды пікірлерімен ел назарын аудыртқан отбасылық №1 психолог Ержан Мырзабаев жаңадан отбасы құрған жастарға біраз уақытқа әке-шешесінен бөлек шығуға кеңес береді, деп жазды Тимур Балымбетовтің «Ашығын айтқанда» тележобасына сілтеме жасаған KYN.KZ ақпараттық порталы.
Ержан Мырзабаевтың сөзіне сенсек, бұл әр адам баласының тұлға болып қалыптасуына, жауапкершілікті өзіне алуға дағдылануға мол ықпал етеді.
«Жалпы менің берер кеңесім: Үленген әрбір жұп екі-үш жыл бөлек тұруы керек. Жағдайы болсын, болмасын, үйі бары, жоғы да екі-үш жыл бөлек тұруы керек. Бұл – қазақтың салты. Өйткені, қазақтар үйленген адамды отау иесі деп атаған. Үйленгендерге кішігірім болса да, бөлек бір киіз үй салып берген.
Өйткені сен бөлек тұру арқылы ғана жеке тұлға ретінде қалыптасасың. Бөлек тұру арқылы ғана жауапкершілікті сезінесің. Бөлек тұру арқылы ғана бір-біріңе үйренесіңдер. Қыз бен жігіт болып қанша жүрсеңіздер де, ешқашан ерлі-зайыптылар сияқты қарым-қатынаста бола алмайсыздар. Қыз-жігіт болу басқа, ерлі-зайыпты болу басқа. Аспан мен жер сияқты», - дейді психолог.
Сондай-ақ ене мен келін арасында болатын түрлі жағдайларға байланысты да тұщымды пікірлерін ортаға салды.
«Қыз бала ұзатылғанда «Барған жерде тастай батып, судай сің» дейді. Көп адам бұны «сенің барған жеріңнен өлігің шығу керек, сол жерден шықпауың керек, қалуың керек, тұруы керек, отбасыңды ұмыт, араласпа, сол үйге қызмет етуге келдің» деп түсінеді.
Мәселенің түбіне қарайтын болсақ, тастай бату үшін түскен жерің судай жұмсақ болу керек, судай сіңіп кету үшін барған жерің топырақтай құнарлы болу керек.
Бұл жерде терең философия неде? Бір жағынан қызға айтып жатыр, тастай батып, судай сің деп, екінші жағынан қызды келін ретінде алып жатқан ата-енесіне айтып жатыр. «Сіз мына келінге судай жұмсақ болатын болсаңыз, топырақтай құнарлы болсаңыз, ол сізге сіңіп кетеді. Ал сіз бетон граница сияқты тұрсаңыз, тас пен тас соғылған кезде не ана жақ сынады, не мына жақ сынады.
Көп жағдайда әйел кісілер өзін енесімен салыстырады. Енем мақтаса, мен жақсы адаммын, енем жамандаса, мен жаман адаммын, деп енесінің ойына тәуелді болып қалады.
Құрметті қыз-келіншектер, қарындас-әпкелер! Сіз өз алдыңызға жеке тұлғасыз. Үлкен кісілердің не айтқаны қатты маңызды емес. Сіз акцентті енеге салған сайын, конфликт, проблема ұштала береді. Акцент күйеуге берілу керек»,-дейді ол.