Жұбайынан қорлық көрген әйел: Күйеуім мені жалаңаш көшеге шығарып жібереді
Алматылық келіншек жұбайынан қорлық көріп, шұрқ тесік үйді паналап жүр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы «Астарлы ақиқат» ток-шоуына сілтеме жасап.
Алматы облысы Береке ауылының тұрғыны Гүлжазира Ерманованың ажырасқан күйеуі күнде келіп қорлық көрсетеді. 7 жыл бұрын отау құрған жары ақша таппайды, балаларын бақпайды. Күйік болған күйеу Гүлжазираны үш баласымен қоса аш-жалаңаш тастап кетеді. Ішерге ас, киерге киімі жоқ байқұс ана қоқыс аралап, темір теріп, күнін көріп жүрген. Енді әйелінің жағдайының жоқтығын, балаларына тамақ бермейтінін, дұрыс қарамайтынын айтып, балаларын әйелінен алып та қойған.
Гүлжазираның айтуынша, күйеуі өзіне айтпай, сыртынан біржақты ажырасып та кеткен. Жауыз күйеудің ұл-қыздарын алып кеткеніне, ана жүрегінің балаларын сағынып жүргеніне 3 ай болды.
2 жыл бұрын басқа әйелмен көңілдес болған жұбайы бірінші перзенті туғаннан бері ұрып-соғып келеді. Тіпті Гүлжазираны тырдай етіп, сыртқа қуып жіберген күндері де болған. Әйел балаларының әкесіне миллионды қамтитын ақшалай һәм заттай кредит алып беріп, бүгінде өзі төлеуге мәжбүр болып отыр. Полицияға бірде-бір рет арызданбаған келіншек: «Күйеуім жүк тасушы болып жұмыс істейді. Үсті-басы шаң болып жүреді ылғи. Оңай жұмыс емес. Күйеуімді аядым», - дейді.
Құдай қосқан жары көзіне шөп салғанын білген Гүлжазира: «Тоқсанбай көңілдесіне менің балаларымның тамағынан жырып, ақша беріп отырған. Оны өз көзіммен көрдім», - дейді. Жазираның айтуына сенсек, енесі де келінін ұнатпай, аузына келгенін айтады.
- Иттен туған бұлар. Мал болып кеткен.
Күлжазира «үйімнің қасынан бөтен кісідей өтіп кетеді», деп айыптаған Тоқсанбай Өтебаев, керісінше, күнде азық-түлік, керек-жарағын алып беретінін, анасы да әкеліп беретін, әйелінің өзі алмай қоятынын айтып ақталуда.
Жабайы жұбайының қорлығын көп көрген Гүлжазира күйеуі Тоқсанбайдан төртінші баласына жүкті екенін де жасырмады. Ал Тоқсанбай баланың өзінікі емес екенін айтып, мойындамай отыр.
Қоғамды қаптаған кедейшіліктің кесірінен белең алған мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, бір мәмілеге келіп, отбасының ауыртпалығын екі жас жұмыла көтермесе, екі ортада зардап шегетін балалар болмақ. Аталған жағдайда да балалар қараусыз қалып, тіпті екі апта бойы тамақсыз отырған.
Болған жайт саралана келіп, балаларын жастайынан тағдырдың тезіне қолдан түсіріп отырған ата-ана бірі-біріне кешірімін беріп, келісімге келді.