Ішімдікке әуес әйел 6 баланы жан- жаққа таратып жіберіп, енді екі баласын таппай отыр
Балалар үйінің түлегі Мәдина бауырлары мен әкесін іздеп жүр, деп жазды «Астарлы ақиқат» тележобасына сілтеме жасаған KYN.KZ сайты.
10 жасынан бастап балалар үйінде өскен қызылордалық Мәдинаның не тегі, не мекені жоқ. 9 жасына дейін ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Бес бауыры бар. Бір анадан туған алты ағайындының тағдыры 6 түрлі соқпаққа түскен. Үш бауыры да қазіргі таңда балалар үйінің тәрбиеленушілері. Ал қалған екі бауырын іздеп жүрген оның әке-шешесіне өкпесі қара қазандай.
Алты баланың анасы бір, әкелері алты басқа. Тарыдай шашылған бауырларының басын қосып, бір отбасы болып өмір сүргісі келетін қызылордалық қыздың қазіргі арманы – бауырларына бас болып, өз қамқорлығына алу. Бауырлары өзінің тағдырын қайталамаса деп тілейді.
Ал балаларын туып, қарамай кеткен безбүйрек ана балалар үйіне бірде-бір рет олардың хал-жағдайын білуге келмеген. Көршілері оны «ішеді, шегеді, үйінде отырмайды, балаларына қарамайды», деп шағымданып жүріп аналық құқығынан айырған көрінеді.
«Бір күні үйге келсем, балаларым жоқ», - дейді ана.
Ол туралы соттың да шешімі бар екен. Ал бір ұлын 3 жыл бойы бағып-қағып берем деп құрбысы алып кеткен. Қараусыз қалған ұлды бағушы құрбысымақ із-түссіз жоқ әзірге. Іздеудегі екінші бала қайда?
«Мәдина менің қызым болса, өз тегімді беруге қарсы емеспін», - деп отыр Мәдинаның болжамды әкесі Қанат.