Басты жаңалықтар

Айнұр Тұрсынбаеваның қоры 4 баласын далаға қалдырып, жас әйелмен тұрып жатқан әкеден үйді алып бере алмайтын болды

Тегін келген үйге өз балаларын сыйғызбай, вагонға тұрғызған түркістандық ер адам үйді балаларына берсе, бұрынғы әйелі алып қоятынын айтып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасап.

«Әкемнен тек азап көрдік. Ол кісіден қатты қорқатын едік. Бізді жиі ұрып-соғатын еді. Қайырымдылық қоры үйді әкемнің атына жазғанымен, бізге берген. Бірақ біз өз үйімізге кіріп те көрмедік», - деген 4 баланың жанайқайына «Айдың нұры» қайырымдылық қоры да көмектесе алмайтын болды. Қор өкілі аталған үй дауына қатысты пікірін айтты.  

«Біз балалар үшін деп бердік. Балалар аналарын таңдайтын болса, үй әкелерінде қалады. Ал егер барып тұрамыз дейтін болса, әкелерімен бірге тұрсын. Әрі қарай бұл іске қордың ешқандай қатысы жоқ. Санжар мырзаға табысталған пәтерге байланысты шешім шығару біздің құзыретімізде емес», - деп жауап берді қор қызметкері.  

Өзінің 4 баласының өзегінен теуіп, өзгенің 4 баласын бауырына басқан Санжар Абылаев тегін келген баспананы балаларына өз еркімен беруден бас тартты. Ал балалар үйді бермеген жағдайда сот арқылы алатынын айтып, әкесімен күресуге дайын екенін жеткізді.