Ақын Жүрсін Ерман ауруынан айығып, үйіне келді (видео)
Жансақтау бөліміне түскен ақын Жүрсін Ерманның денсаулығы жақсарып, үйіне шықты. Бұл туралы айтыскер Марат Ахметов пен әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желіде жариялады, деп жазды KYN.KZ.
Бұған дейін ақынның қызы әкесінің жағдайы жайлы сайтымыздың тілшісіне баяндап берген еді. Ардақ Жүрсінқызының айтуы бойынша, төрт-бес ай бұрын оң аяғының тізесіндегі көк тамырға протез салдырған. Алайда протезді ағзасы қабылдамай, оның айналасы іріңдей бастаған. Артынша сол ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы көтерілгеннен талмасы ұстаған. Ол есінен танғаннан кейін бір күн ішінде тыныс алу аппаратына таңылған.
Айтыскер Марат Ахметов ұстазы Жүрсін Ерманның сауығып шыққанын айтып, жақсы жаңалықты желіде халыққа хабарлады.
«Жүрсін Ерман ұстазымыз ауруханадан сауығып шықты. Құдай тағала көптің тілегін қабыл етті, деп білемін. Ағайдың шаңырағында бүгін бір керемет қуанышты күн болды. Бақытжамал апамыздың шәйін ішіп, Жүрсін ағайдың батасын алып қайттық», - деп жазды Марат Ахметов.
«Әкеміздің бойынан әл кеткен жоқ", - деп жазды ақын шаңырағында түсірілген бейнежазбаны желіге жүктеген әнші Төреғали.