Әлеуметтік желіде шетелдік алаяққа алданған әйел болған жағдайды баяндап берді
Жалғызбасты әйелді Instagram желісі арқылы танысқан шетелдік азамат өзінің сыйлық беретінін айтып, құрығына түсірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы.
Теңіз капитаны екенін, Қазақстанға келетінін айтқан Маямидің Эрик есімді азаматы қазақстандық 4 балалы анаға сыйлық жіберем деп іш-бауырына кіріп, жеткізу қызметіне қажет деп 1 млн теңгесін қағып алған.
Бұрынғы күйеуінен сыйлық алып көрмеген, ер азаматтың жылулығын сезінбеген қазақ әйел Эриктің жылы сөзіне сеніп, көзі байланып қалғанын айтты. Бір-екі несиесі мен басқа да қарызынан құтыла алмай жүріп, тағы үш-төрт несие арттырып алған ол не істерін білмей басы қатып отыр.
«Бұлай болуының себебі, күйеуімнің көмектеспейтіні. Бұған дейін әлеуметтік желіде алданып қалғандар жайлы оқып та, көріп те жүрмін. Бірақ өзімнің басыма түскенде айдаладағы адамның сөзіне еріп, қалай болғанын білмей де қалдым», - дейді жоқшылықтан көз ашпаған, жылулықты сырттан іздеген келіншек.