Түркістандық жігіт беліне ем іздеп барған бақсы жолын жауып тастаған айтты
Түркістандық Рахат Қалыбаев емделу үшін барған емші өзінің жолын жауып тастағанын айтады, деп хабарлайды КYN.KZ «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасап.
Рахаттың айтуынша, Туркістан облысындағы Қосқорған ауылында тұратын Баян есімді емші әйел оны «жолыңды ашамын, ауруыңды жазамын» деп оқып, керісінше, жолын жауып тастаған. 5 жыл бойы мазасын алған бел ауруынан 5 мың теңгемен айығуды мақсат етіп барған жігіт емшінің аса таяғымен адамды айналып жүріп сүрелер оқитынын, бірақ бақсының не оқығанын түсінбегенін айтты. 5 жыл бойы жасамаған емі, көрмеген шарасы қалмаған науқас жігітке жеңгесі Баян деген емшіге баруға кеңес береді.
«Емші апаға бармай тұрып сабақ жағынан да, моральдық жағынан да жолым болып жүрді. Қалай емшіге бардым, солай жолым жабылды. Алланың жолында жүрген адамның үйі де өте лас, аяқ басатын таза жері жоқ, жағымсыз иісі де бар», - дейді Рахат.
«Мүмкін Алла Тағала осыдан тұра жолды табу үшін жолын кішкене кедергілеген шығар. Сондықтан жолының жабылуы әбден мүмкін. Адамның жолының ашылуы емшіден, оның таяғынан болмайды. Емделушінің өзінен болады. Адамға ем қону үшін ниетпен бару керек», - дейді имам Нұрлан Байжігітов.
«Мықты дәрігер болса да, сенде оған сенім болмай, оған қанша рет барсаң да, дәрісі көмектеспейді. Өйткені адам ол нәрсеге сеніп тұрған жоқ, ниет етіп тұрған жоқ», - деді психотерапевт.
Емшінің айтуынша, осыдан 22 жыл бұрын түсінде аян көріп, кенеттен көріпкелділігі пайда болады. Осылайша емшілік қасиет дарыған ол бұған дейін жағдайы ауыр талай ауруды емдегенін айтты.
«Құдай өзі солай сөйлетеді. «Қазақстан бойынша мыңнан бір адамға қонатын таяқ кімге қонады десек, саған келген екен ғой, қызым», деп судың бетіне қалқып шығып тұрған таяқты иығыма әкеліп қойды. «Мына таяқ саған берілген таяқ» деп шырақшы кісі батасын берген. Бұл Алланың құдыретімен берілген пайғамбарлардың таяғы. Адамдар ауырып, қысылып келіп отырғанда осы таяқпен ұрып емдеймін. Сосын аталар ем салады. Ақ шалдарды көремін. Ауру адамдар содан жазылып кетеді. Аталарым маған «мына кісіге көмектес, дем салып жібер» деп айтады», - дейді бақсы Баян.