Шетелдегі қазақтарды елге оралту квотасы көбейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы бұйрықты әзірледі,
"Ашық НҚА" сайтында жарияланған құжатта қандастар мен қоныс аударушылардың нақты квотасы көрсетілген. Олар: қандастарды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасының саны 1 925 адам; қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасының саны 6 727 адам. Құжаттың жобасы бүгін жарияланып, ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында 5 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
Айта кетері, қазан айының көрсеткіші бойынша 13 362 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.Жыл басынан бері Қазақстанға қоныс аударған қандастардың жартысынан астамын Өзбекстаннан келген азаматтар құрайды (68,7%), ҚХР-10%, Түрікменстан 7,9%, Моңғолия 4,6%, басқа елдерден 8,8% этникалық қазақ көшіп келген.
Олардың көпшілігі Алматы облысы мен Алматы қаласына орналасқан. Сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Астана және Шымкент қалаларында қоныстанды. Этникалық қазақтардың еңбекке қабілеттісі 58,9%-ті, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5%-ті және зейнеткерлер 13,7%-ті құрайды.Жалпы, 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралды.