Басты жаңалықтар

Ләйла Сұлтанқызы қайтыс болған күйеуіне қандай уәде бергенін айтты

Жақында ғана күйеуі қайтыс болған Ләйла Сұлтанқызы марқұм жолдасының жасап жүрген қайырымдылығын жалғастыратынын айтып, күйеуінің тірісінде туған жеріне балабақша мен мектеп салдырып, мемлекетке өткізгенін жариялады, деп жазады KYN.KZ.

«Қол қусырып жылай бергенмен пайда жоқ. Өзімді жәймен қолға алып, бүгін Қайрекеңнің қандай адам болғанын, қандай іс атқарғанын айтып бергім келеді. «Жаза берді-ау» деп көп көрмеңіздер, қолымнан келетіні осы ғана. Ұрпағына үлгі, туған-туысқа естелік болса деймін.

Қайрат өте қолы ашық жан еді. 2006-2007 жылдары бизнеспен белсенді айналысты. Өзі туып-өскен Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында мектеп болмады. Балалар аудан орталығында орналасқан алыс мектепке баратын. «Балаларға жағдай жасау керек» деп өз қаражатына мектеп тұрғызды. Құрылыс біткен соң толығымен мемлекетке тапсырды.

Мектеп жасындағы балалардың мәселесі шешілген соң, 2008 жылы сол ауылға балабақша тұрғызып, оны да мемлекетке табыстады. Екі жүзге жуық отбасы тұратын ауылдың елуден астам бөбегі қазір сол балабақшада тәрбиеленіп келеді. Жаратқанның құдіреті, дәл сол мектеп құрылысы жүріп жатқанда Сағадатқа, балабақша құрылысы басталғанда Сардарыма аяғым ауыр болған екен.

Істеген игі істерің барда – сенің атың ешқашан өшпес. Мен уәдемде тұрып, сен салған мектеп пен балабақшаны әрі қарай қолдауға, дамытуға сөз берем», - деді тележүргізуші әлеуметтік желіде.