Әкімдік пен "КУБЛЕЙ" текетіресі: Сот қандай шешім шығарса да халық сорлағалы тұр
Оралдағы «КУБЛЕЙ» консерві зауыты мен әкімдік текетіресі аяқталуға жақын. Бүгін сотта қос тарап соңғы сөздерін айтты. Істі зауыт жеңсе, жүздеген халық үйсіз, ал, әкімдік жеңсе, «Кублейдің» 600-ден астам жұмысшысы далада қалады, деп хабарлайды KYN.KZ сайты.
Зауыт пен әкімдіктің дауы осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Себебі, Орал әкімдігі қаланың өндірістік бөлігіне үй салуға рұқсат берген. Шенділердің бұл әрекеті заңсыз деп Кублей зауыты сотқа арызданған. Содан бері қос тарап әлі ортақ байламға келе алмай отыр. «Кублей» әкімдікті санитарлық аймақта заңсыз үй салуға рұқсат етті – деп айыптаса, әкімдік бәрі қала жоспарына сай жүрді – деп ақталды.
"Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Менде мемлекеттік орган өкілімін. Менің міндетім мен құқығым және ұстанатын ар- намыс кодексім бар. Бұл сұрақты саясиландырмауларыңызды сұраймын",-дейді оралдық.
Алайда, әкімдіктің өндіріс аумағында көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беруінен қарапайым халық жапа шегуде. Өйткені құрылыс компаниясы үйлерді салып қана қоймай, сатып, тіпті тұрғындарды қоныстандырып үлгерген.
"Сіздерге жиырмадан астам өтініш келіп түсті. Бәріміз сот үкімін тосып отырмыз. Әбден шаршадық",-дейді Орал тұрғыны.
Ал, елді консерві өнімдерімен қамтып отырған жалғыз зауыт «Кублей» болса, іс әкімдіктің есебіне шешілсе, жұмысын біржолата тоқтатады. Өйткені зауыт аумағы халықтың тұруына жарамсыз. Ал, кәсіпорынды басқа жерге көшіру мүмкін емес – дейді «Кублей» тарапы.
"Мемлекеттік органдар сот басталғалы ешқандай құжатты көрсеткен жоқ. Қала жоспарына енгізілген өзгерістердің құжатын көрсетулері тиіс. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Әкімдік неге өздеріне тиесілі міндетті жасамай отыр?",- компания заңгері Бақытжан Базарбек.
Бүгінгі сот отырысына зауыт пен әкімдік өкілдері және тұрғындар қатысты. Қыруар ақшаға қауіпті аймақтан үй сатып алып қойғандар зауыттың жұмысына кедергі келтірмейміз – деп отыр. Алйада, зауыттың бұған сенгісі жоқ. Таңғы сағат 10-нан басталған сот отырысы күні бойына жалғасты. Бүгін тараптар жарыссөздер өткізді. Ал, судья қандай шешім шығаратыны келесі сот отырысында белігілі болады.