Адам шашы не үшін көп түсетіні айтылды
Ауа райынан ба, әлде жеген тамағынан ба, неден екені белгісіз, қыз-келіншектер шаштарының түсетінін айтып, жиі шағымданады. Күнделікті адам басынан 100-ге дейін шаш түседі екен. Орнына міндетті түрде жаңадан шаш шығады. Ал егер де шаш түсуі тым жиілеп немесе оның өсуі баяулап кетсе, онда бұл басталып келе жатқан таздықтың (алопеция) белгісі болуы мүмкін. Алопеция әдетте маңдай тұстан немесе төбеден басталады.
Егер де шашыңыз жиі түсетін болса, онда мынадай тәжірибе жасап көріңіз:
Таңертең ұйқыдан тұрғанда жастыққа түскен шаштарды тексеріп көріңіз. Егер олардың түбінде қарайған қапшық сияқты нәрсе көрінсе, онда қорқудың жөні жоқ. Егер мұндай қапшық болса, онда шашыңызды үш күн бойы жумаңыз, сосын маңдай мен самай шашын бірнеше мәрте уыстап тартып көріңіз. Сол кезде қолыңызда бес-алты, одан көп шаш қалса, онда шаш түсуінің себептерін іздеу керек. Қажет болса, дәрігерге көрінген абзал.
Шаш түсуінің он түрлі негізгі белгісі бар. Олар мынадай:
1. Адамның иммунитеті төмендеген болуы мүмкін. Бұл көбіне бала туған, емізетін әйелдерде кездеседі. Тыныс жолы ауруларымен жиі сырқаттану, жиі суықтау да шаш түсуіне себеп бола алады. Мұндайда, әрине иммунитетті көтеретін жағдай жасау керек.
2. Ағзада темір жетістпесе де шаш жиі түседі. Мұндайда анемия, уайымшылдық, жалпы әлсіздік мазалайды. Сондықтан темір жетіспеушілігінің орнын толтыру керек. Витаминдер қабылдаған дұрыс. Бауыр, балық, сиыр еті, жұмыртқаның сары уызы, қара нан, қарақұмық және сұлы ботқаларын, алма және анар шырындары ағзаны темірмен қамтамасыз ете алады.
3. Шаш пен бас терісіне кейбір дәрілер (қан қысымына, жүктілікке қарсы препараттар, кейбір стероидтер, антидепрессанттар, зәр қуатын дәрілер, аспирин) да жайсыз тиетіні болады. Дегенмен емдеу курсы біткесін шаш қайтадан өседі. Егер қалпына келмесе, дәрігерлерге тексеріліп, кеңес алу, тиісті шаралар жасау керек.
4. Әйелдердегі гормондық қалыпсыздықтар туындауы да шаш түсуіне себеп бола алады. Мысалы, тестостерон (ерлер гормоны) көбеюі де шаш түсуіне себеп. (Негізінен бұл жыныстық өмірді бастағанда, жүктілік пен босанудан кейін, «менопаузадан» кейін болады). Сондай-ақ шаш түсуінің себебі қант диабетінен, эндокриндік бұзылыстардан болуы да мүмкін. Мұндайда қалқанша без жұмысын, қанның биохимиялық құрамын тексерту керек. Дәрігер тиісті ем тағайындайды.
5. Бас терісінің түрлі жұқпалы аурулары (себорея, дерматит) да себеп болады. Мұндайда дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаған дұрыс.
6. Бас терісі мен шаш тамырындағы қан айналымының бұзылу ыда шаш түсуіне соқтырады. Бұған жүрек-қан тамырының ауруы, остеохондроз, сондай-ақ кофені, ащы шайды жиі пайдалану да себеп бола алады. Себебі олар тамыр тарылуын туындатады. Алкоголь, әсіресе коньяк та жиі ішілсе осындай әсер береді. Мұндайда зияны тиетін нәрселерді азайту керек, спортпен айналысып, серуендеп, көбірек тынығуға ден қойған жөн.
7. Витамин, микроэлементтер жетіспесе де шаш түседі. Бұл көбіне ерте көктемде орын алады. Сондай-ақ алкогольді, темекіні жиі пайдалану да витамин, мен микроэлемент азаюына себеп. Мұндайда дәрігер кеңесіне жүгінген жөн, витаминдер қабылдаған дұрыс. Балғын жеміс-жидектер, көкөністер пайдаланған абзал. Тамақ рационын қажетті микроэлементтермен толықтырған пайдалы.
8. Үздіксіз болатын стрестің де шаш түсуіне әсері бар. Созылмалы стресс кезінде бас тамырлары тарылады, қан айналымы баяулайды, әлсірейді. Бұдан шаш түсуі көбейеді. Мұндайда жалбыз, мелисса шайы көмектеседі, олар ағзаны босаңсытып, тыныштандырады. Жалбыз, түймедақ қосылған ваннаға түссе де жақсы. Жеткілікті тынығу, ұйықтау керек.
9. Қоршаған ортаның тым ластануы, радиация да шаш түсуіне тікелей себепкер. Оған жеткілікті әрі дұрыс тамақтанбау қосылса тіпті қиын. Мұндайда ең дұрысы – экологиялық ахуалы таза аумаққа қоныс аудару. Бұл мүмкін болмаса, онда ағзаны экологиялық таза тағамдармен қуаттандырған абзал, стреске ұрынбауға тырысу керек. Бұл қоршаған ортаның жағымсыз әсерін жұмсартуға жәрдемдеседі.
10. Күн суықта, аптап ыстықта үнемі жалаңбас жүрудің де бас терісі мен шаш тамырына зияны көп. Сондықтан қажет кезде бас киіммен жүру керегін ұмытпаған абзал.