Айгүл Орынбек: Шетелдік компаниялардың қазақты басынуна жол беріп отырған "крышасы" шенеуніктердің өзі
Белгілі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Тараздағы "Қазфосфат" зауытындағы мәселе бүгін туындаған дүние емес екенін және ол барлық шетелдік компанияларда 30 жылдан бері жарылуға дайын тұрған қауіпті мәселе екенін айтты.
Құқық қорғаушының сөзінше жергілікті жұмысшыны шетелдік жұмыс берушінің басынуы, құқығын бұзуы бойынша бірнеше адамды қорғаған. Ең сорақысы өз азаматын шетелдіктің қорлауына беріп отырғандар шенеуніктердің өзі екен, деп жазды KYN.KZ.
"Еліміз бен шетелдік компаниялардың арасындағы келісім-шарттарды қайта жаңартып (біразын үзіп), отандық кәсіпорындардың мәртебесін көтеретін уақыт жетті!
Отыз жыл бойы қазақтарды құлша жұмсап, “баран” көретін компаниялар жаппай әрі жіті тексерілуі керек!
Отыз жылда есіктерін тарс жауып алып, ойларына келгендерін жасап келді! Қазақстан азаматтарының құқықтарын таптап отырған компаниялар есіктерін айқара ашсын! Енді әрбір шетелдік кәсіпорынмен түзген келісім-шартты өз азаматтарымыздың құқығы мен қауіпсіздігі қорғалатындай етіп жасау керек!
Өзім де шетелдік компанияларда жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгер ретінде біраз “былықтарды” білемін! Ең сорақысы - қитұрқылықтарды “қолдан” жасап отырғандар - өзгелер емес, өзіміздің шенділер мен шенеуніктер!
Шетелдік компаниялардан үлес алып, оларды “крышавать” етеді… Ешқандай компания қазақ азаматтарына миллиондап айлық бермейді!
Қара жұмысқа жегілетін қазақ жігіттері 80-150 мың теңге ғана жалақы алады, ал елімізге келіп жұмыс істейтін шетелдіктер миллиондап табады! Ал кейбір шенеуніктер Президентімізге “Біздің азаматтар - таза жалқау! Екі қолмен еңбектенгісі жоқ, жұмыс жасағысы келмейді! Бар жұмыстың өзіне барғысы келмейді!”,- деп жамандай жалған ақпарат береді.
Ал айтыңыздаршы, қай компания бізге миллиондап төлеймін деп отырған? Ең болмағанда, бір компанияның атын атай аласыздар ма? Өзім-ақ бір сәтте жүз емес, жүз мың жігітті жинап берейін, бірақ мұндай жағдай жоқ қой?! Егер бар болса, олар өзі тұрмақ, қатын бала-шағасын алып, қазір-ақ көшіп барар еді…
Қаракөз қазақтарымыз өз елімізде миллиондап төлесе, айдалаға ағылып, Корея жағалайтын ақымақ дейсіңдер ме?! Ел асып, жер асып, қаңғып несі бар?! Президенімізге есеп үшін ғана жазып беріп жатқан әлгі “жұмыстарыңды” - сөз емес, нақты іс жүзінде шын іздеп барсақ, тіпті таппай қаламыз ғой! ",- дейді заңгер Айгүл Орынбек.