Гүлнұр Мамасарипова: «Келінжанды» көріп өз қателіктерімнен ұялдым»
- автор kyn.kz
- 24 қараша, 2022
- 1.3k
Қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырған «Келінжан» телехикаясының продюсері, журналист Гүлнұр Мамасарипова аталған сериалдан кейін қазақ енелері мен келіндері қателіктерін мойындап өзіне жазғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ «Менің өмірім» телебағдарламасына сілтеме жасап.
«Мен сценарийге өмірде көрген дүниелерімді ғана жаздым. Ештеңені ойдан шығарып, қиял-ғажайыпқа бас ұрған жоқпын. Сондай-ақ көптеген ене көрген адаммын. Өз енем бар, мысалы. Өзім келін болғанда да неше түрлі жағдайға тап болғанмын. Енеге көп мөлшерде өз апамның мінезін бердім. Менің апам келіндері мен ұлдары ренжісіп қалған кезде келіндерінің жағына өтіп алады», - дейді продюсер.
Сондай-ақ қазақ енелері мен келіндері арасындағы бітпейтін дауға қатысты пікірін айтып, өзінің төл туындысынан кейін көрермендерінің әлеуметтік желіде жекесіне жазып, өз қатерліктерін мойындағынын, тіпті кейбір ажырасуға дейін барған отбасылардың өмірін сақтап қалуға септігінің тигенін баса айтты.
«Әлеуметтік желіде жекеме үлкен кісілер жиі жазады, құпияларын ашады. «Мен мына «Келінжандағы» Күлімханды көріп, өзімнің қателіктерімді, өзімнің жаман қасиеттерімді байқап ұялдым. Келіндеріме басқаша қарай бастадым. Өзімді тәрбиелеп жатырмын», - деп Күлімхан апаны өмірде бар деп қабылдайды. Дәл солай, келіндер де «өзгердік, енем осылай жасағанда мен былай ойлайтын едім, сөйтсем олай емес екен ғой. Ол кісілер былай ойлайды екен ғой» деп жатады. Тіпті ажырасуға бел буып, төркінінде отырған қыздар да «ертең үйіме барайын деп отырмын, енем сондай жаман адам емес екен ғой, мен өз қателігімді түсіндім, өзім-ақ қайтайын деп отырмын» дейді. Менің басты мақсатым да сол болған, адамдар өздерін көрсе деген. Түптеп келгенде отбасыңыздан артық ештеңе жоқ. Ондағы өзіңізге қажетті комфортты өзіңіз жасауға тиіссіз. Сіз үшін ешкім жасауға міндетті емес. Соны көрсеткім келді», - деп түйіндеді Мамасарипова.