Ауғанстанда аштықтан қырылып жатқан халық балалары мен ағзаларын сатуға мәжбүр
Кейбір ауғанстандықтар балаларына аштықтан дәрілік өнімдерді беруге мәжбүр, кейбірі күнкөріс үшін өз қыздарын немесе ағза мүшелерін сатып жатыр, деп жазды KYN.KZ сайты www.bbc.com-ға сілтеме жасап.
«Балаларымыз аштықтан тоқтаусыз жылап ұйықтай алмайды, ал біздің оларға беретін тамағымыз жоқ. Балаларға дәріханаларда тұрған түрлі дәрілерді нан орнына беруге мәжбүрміз», - деді Абдул Вахаб.
Абдул Вахаб елдегі үшінші үлкен қала – Гераттың шетінде, шағын үйлердің бірінде тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндағы халық балаларға дәрі беруге жиі жүгінеді.
Герат тұрғыны Гулям Хазірет қалтасынан дәрі қорабын шығарып: «Бұл – алпразолам, әдетте жүйке аурулары үшін берілетін дәрі. Алты балам бар, кенжесі бір жаста. Бірақ кенже балама да осы дәрілерді беруден басқа амалым жоқ, - деді.
Кейбірі эсциталопрам мен серлифт пакеттерін көрсетті, олар да мұны балаларға береді. Бұл препараттар әдетте депрессияны емдеу мен мазасыздықты басу үшін қолданылады. Дәрігерлердің айтуынша, егер бұл дәрі-дәрмектер балаларға аш қарынға берілсе, бауырды зақымдауы және басқа да көптеген ауру тудыруы мүмкін, ұйқы мен мінез-құлықтың бұзылуына да әкеліп соғады.
Ал 20 жастағы Аммар өзінің бүйрегінің үш ай бұрын алынғанын айтады.
«Басқа шарам болған жоқ. Жергілікті клиникада бүйректі сатуға болатынын естідім. Клиникаға барып, менің де сатқым келетінін айттым. Бірнеше аптадан кейін мені осы ауруханаға шақырды», - дейді ол.
Аммарға шамамен 270 мың ауғани төленді. Ол ақшаның негізгі бөлігі отбасын тамақпен қамтамасыз ету үшін алынған қарыздарын өтеуге жұмсалған.
Қыздарын сатып күнелтіп жүрген тұрғындардың бірі:
«Екі жасар қызымызды сатуға мәжбүр болдық. Қарыз алған адамдар күн сайын қысым жасайды, қарызды төлей алмаған жағдайда қызымызды беруімізді талап етті», - дейді.
«Мен бес жасар қызымды 100 мың ауғаниге саттым», - деп мойындады Низамуддин есімді ауған.
«Бізде азық-түлікке ақша жоқ, сондықтан мен жергілікті мешітте қызымды сатқым келетінін жарияладым», - деді 4 жасар қыздың әкесі Хазратулла. Сонымен ол қыз елдің оңтүстігіндегі Кандагар провинциясында тұратын отбасынан шыққан балаға үйленуге сатылды.
«Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық тәуелсіз гуманитарлық ұйымының мәліметі бойынша, биылғы жылы олардың бөлімшелеріне аштықтан науқастар өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға көп түскен.