Әке-шешесінен безген 15 жасар бала үйінен не үшін қашып кеткенін айтты
Алматылық Бекжан Әбдіжәмілов есімді 15 жасар оқушы үйінен кетіп, жақындарына жолағысы келмейді. Жолайын десе, әкесінен қорқады. Бұл туралы «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасаған KYN.KZ сайты хабарлайды. Бекжанның айтуынша, оны мұндай қадамға итермелеген өз ата-анасы екен. «Үйде тұрғым келмейді. Мені ұрады. Жертөледе қамап ұстайды. Сабаққа жібермейді. Өгей анам күн көрсетпейді», - дейді Бекжан. 5 күн бойы із-түссіз жоғалып кеткен бозбаланы полиция қызметкерлері Алматы қаласы маңынан тапқан. Алайда арадан тәулік өткен соң Бекжан үйінен тағы да кетіп қалған. Бұл жолы оны бір топ еріктілер тауып әкелген. «Ресторанда администратор болып жұмыс істеймін. Түнгі 2-де жұмысыма келді. Мен ресторандағы жұмысымды аяқтаған соң, екеуіміз оның ауылына, Жаңалыққа аттандық. Біз үйін тауып, жетеміз дегенше таңғы сағат 5-6 болды. Үйіне бардық. Бала соңғы күндері сыртта қонып жүргенін, әкесі оны ұрып-соғатынын, жертөледе ұстайтынын айтты. Ал әкесі «қамқоршылық ұйымының өкілдері баланы осылай қамап ұстау қажет деген» деді. Әкесі баласының тәрбиесіз екенін, баласын қазір, тіпті керек етпейтінін де жеткізді», - дейді бейтаныс әйел. Кәмелет жасына толмаған бозбаланы көршілері де іздеп, біраз әбігерге түскен. «Үнемі үйінен кетіп қала береді. Қанша рет ұстап әкелді. Біз де көмектестік. Бәрібір қашып кете береді. Білмейміз несі барын», - дейді көршілері. «Білмейміз қайда баратынын. Әйтеуір шығады бір жерлерден. Іздейміз, кеткеннен кейін бірден инспекторға хабарласамын. Ескертемін, баланың қашып кеткенін. Ал анасы 1,5 жасар кезінде тастап кеткен. Күнге де, түнге де қарамайды. Ұйықтап кетсең, бітті. Ойына келгенін жасап, алатын ақшасын алып, телефонды да талай ұрлап, келіншегімнің телефонын, банк карталарын да ұрлап жүрді. Талай ата-ана келді үйге «балаңды ұстап отырсайшы» деп. Бұл әдетін 1-сыныптан бастаған. 15 жасына дейін үйден неше рет қашқанын ұмытып та қалдым. Мектепте де дұрыс жүрмейді. Оқушылардың заттарын ұрлайды», - дейді бәле баланың әкесі. Ал туған анасы Масақбаева Гүлназдың бүгінде екінші отбасы, бала-шағасы бар. Болған жағдайға психологтар ата-анасын кінәлап отыр. Балаға қажет мейірім мен махаббатты әке-шешесінен көрмесе, бала оны сырттан іздейтінін алға тартты. «Адамға назар аудару керек. Ал назар аударудың екі жолы бар: жағымды және жағымсыз. Егер әкесі баласына жағымды назар аудармаса, бала теріс жағын іздейді. Бір нәрсені бүлдіріп, өзіне назар аудартқысы келеді», - дейді психолог Арман Амангелді. Қазіргі таңда бала «Ковчег» балалар үйін паналады. Ондағы мамандар Бекжанның әлі күнге ешқандай олқылығын байқамағанын айтады. «Бекжан өмірге, қоғамға ренжулі. Отбасынан ешқандай жылулық көрмеген. Отбасы туралы айтқысы келмейді. Балалар үйінде бір ғана баламен достасты. Себебі ол бала да Бекжанмен тағдырлас екен», - дейді балалар үйінің қызметкерлері.