Суық тиюден емделудің жолдары айтылды
Әне-міне дегенше қыс мезгілі де келіп қалды. Тіпті қыстың алғашқы желтоқсан келмей жатып, қар жауып, табиғат әлден ақ көрпесіне оранып алды. Суық түскенде өрши түсетін аурулар да көп. Әсіресе суық тиіп, ауыратын иммунитеті әлсіз жандар көп. Ондайда не істеуге болады? Берер кеңесімізді мұқият оқыңыз, деп жазады KYN.KZ.
- Ақжелкек пен алма
Мысалы, Германия тұрғындары мұрын бітеліп, одан су кету байқалғанда-ақ кәдімгі ақжелкек (хрен) жапырағынан жасалатын қоспамен емделеді екен. Бұл емнің тиімділігі көнеден белгілі: ақжелкектің құрамында бактерияны қуатын, вирустар мен түрлі саңырауқұлаққа қарсы күресетін заттар бар. Ағза оны жатсынбайды және жеңіл қабылдайды, өйткені ақжелкек пайдалы бактерияларға зиянын тигізбей, ішектегі бөгде бактерияларды қуады. Иммунитет жүйесін бекітетін, күшейтетін қасиеті бар. Ал емдік қоспаны әзірлеу әдісі мынадай: ақжелкекті ұсақтап турап, алма мен қант қосу керек. Күніне 2-3 рет ас қасық мөлшерінде қабылдайды.
- Лимон мен тұз
Ал румындықтар дене қалтырай тоңып, тітіркеніп, суықтаудың белгісі басталғаннан лимон мен тұздың көмегіне жүгінеді екен. Жарты лимонды сығып, шырынына 1 шай қасық тұз қосады. Оған 50 грамм су араластырып, мұрын қуысына пипеткамен тамшылата жібереді. Танауды ашытқанмен, бұл ем түрі тамақтағы жаңа басталған құрғау мен жөтелді де тез басады. Тұз суықты қайтарып, жүйке талшықтары мен майда қан тамырларын қыздыра отырып, жұмысын жандандырса, лимон құрамындағы С витамині вирустарды жояды, аурудың дамуы мен өршуіне жол бермейді. Бірақ дәрігерлер бұл амалды алты жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайтынын айтады. Ересектердің де абай болғаны дұрыс: ащы тамшы тыныс жолымен тікелей байланысты есту жолдарына зақым келтірмеуі керек.
- Сода қосылған су
Солтүстік Еуропада тұрғындары суықтай қалса, аяқты сода қосылған жылы суға салады екен. Бастапқыда су температурасы 37 градус болуы керек. Аяқты тобыққа дейін сол суға салған соң айналасын жылы одеялмен орап қояды. Үш минуттан кейін оған жайымен қайнап тұрған ыстық су қосады. Әр 3 минут сайын осылай үстемелей отырып, су ваннасында 20 минут отырғанда дене тершіп, босаңси бастайды. Жылу табаннан басталған тамырларды кеңейтіп, қан айналымын жақсартады. 15-ші минутта лимон қосылған қайнаған су ішуге болады. Ол иммунитетті көтеріп, ағзадағы суықты қуады. Бұл екі амалды егіз десе жарасады. Өйткені табаннан суық өткенде ондағы қан айналымы баяулайды да, суық тамырлар арқылы мұрын мен тамаққа барады. Яғни суықтау табаннан басталады. Ал табаннан бастап бүкіл бойды жылытып, тамырлардың жұмысын жандандырып, қан айналымын жақсартатын бұл амал адамды төсек тартып жатып қалуға, қызудың көтерілуіне жеткізбей, санаулы күнде сап-сау етеді. Оны кемінде 3-4 күн жасау керек.
- Иткендір қайнатпасы
Солтүстік Америка тұрғындарының дене дел-сал болып, тамақ жыбырлап, мұныннан су аға бастағанда жасайтын емі ерекше. Олар кепкен иткендір (посконник) шөбінің 2 шай қасығын 500 миллиграмм қайнап, суытылған суға салып, 4 сағат тұндырады. Оны сүзіп алып, бөлме температурасында сақтайды. Осы қайнатпадан күніне 3-4 рет астан 15 минут бұрын 100 миллиграмнан ішіп жүрсе, көп ұзамай-ақ өздерін жақсы сезініп, тезірек жазылып кетеді екен. Бұл қайнатпаны 6 айлық балаға да беруге болады екен. Иткендір иммунитетті нығайтып, зат алмасуды жақсартатын, адам ағзасына өте пайдалы құрамына байланысты соңғы кездері фармацевтикада жиі қолданыла бастаған өсімдік. Оны дәріханадан табуға болады.
- Түймедақ тұнбасы
Нидерландықтар ә дегенде тамақ пен мұрынды камфора майы немесе түймедақ тұнбасымен бұлайды. Тамақты қырнай қышытып, мұрынды бітеп, көзді жасауратқан жедел-өтпелі респираторлы вирус асқынбай жатып «ауылына қайтатын» көрінеді. Түймедақтың суықтау мен қабынуға қарсы әсері күшті екені белгілі. Камфора майы да қыздыру арқылы бастапқы кезеңде жақсы көмек бере алады. Дәрігерлер бұл тәсіл бронхит, трахеит сияқты тыныс жолы ауруларына қарсы ем кезінде өте пайдалы дейді. Бірақ оны жас балаларға жасауға болмайды, ыстық бу олардың терісін, тыныс жолдарын күйдіруі мүмкін. Суықтаудан сақтану жайлы біле жүрген дұрыс, әрине. Бірақ қандай ем-шара жасасаңыз да дәрігерге көрінуді, нағыз маманмен кеңесуді ұмытпаңыз.