Тікелей эфирде түкірген депутат айыппұл төледі
Тікелей эфир барысында түкіргені үшін мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сынға ұшыраған еді. Болған жағдайға байланысты депутат Facebook желісіндегі парақшасында «түкірік» үшін айыппұл төлегенін жазды. Депутат заң аясында 5 МРП айыппұл төледі. Оның айтуынша, заң алдында барлық азамат бірдей. Құрметті достар! Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Әрбір азамат өзінің істегені үшін жауап беруі қажет. Мен кешегі «Хабар» арнасындағы «түкірік» үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азаматтар тең болуы керек. Бұл аксиома! Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз! Басқа да азаматтар заң алдында өз жауапкершілітерін сезінуі қажет. Әсіресе, халықтың игілігін жымқырып қойған олигархтар мен алпауыттар. Олардың жауапкершілігін біз көздеріне «шоқшитып» көрсетуіміз қажет! Әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Әрқайсымыз өзгерсек, мемлекетті өзгертеміз! Мені қолданған азаматтарға көп рахмет! Мені сынға алған азаматтарға да ырзашылығымды білдіремін! Біз Біргеміз», - деп мәлімдеді депутат. Айта кетейік, күні кеше депутат Ерлан Саиров Екібастұздағы жағдайға қатысты сұрақтарға телеарналардың бірінде тікелей эфир кезінде жауап бере тұрып, түкірген еді.