«Қолымды бір рет ұстау 50 мың теңге»: Имам қазіргі әйелдердің не үшін психологке баратынын түсіндірді
Қазақстанға белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы бүгінгі күнгі әйелдердің психолог, коучтарға баруындағы басты себепті көрсетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы. Имам әйелдердің қазіргі психоэмоционалдық күйін пайдаланып, жоқ нәрсені сатып, бизнес жасап жүрген психолог, коучтарға шүйлікті. «Жақында бір психолог мені қонақ ретінде шақырды. Тренингте отырғандарға «Менің қолымды ұстасаңыздар, бәріңіз бақытты боласыздар. Менің қолымды ұстаңыздар» деді. Жақсы, ұстайық, бірақ қолыңызды ұстау тегін бе, - деп едім. «50 мың теңге бір ұстағаны» дейді. Бұл – таза бизнес, ауа сату деген сөз. Ал енді әйелдер соған неге барып жатыр? Әйелдер негізі төрт қабырғада қамалып қалды. Қараңызшы, Құдайға жатып құлшылық қылуға бола ма? Тұрып, дәрет алып, қозғалуға алып келді. Ал үйде отырған әйел қимыл жасамаса, қайда барады», - дейді имам. «Бір қазанды айналдыра бергеннен ол бақытты болмайды. Сондықтан оны алып шығатын еркектің өзі. Оның өмір сүргені, баққаны міндет, үйге кіргеннен боқауыздаса, әйел қайда барады? Әлбетте, мотивацияны іздеуге тура келеді», - деп қазақтың ер азаматтарын әйелдерді аялауға шақырды.