Петропавлда қайталанған апат салдарынан тұрғындар тағы да сусыз отыр (видео)
Су жүйесінде тағы да апат болған петропавлдықтар сусыз қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы. Ондағы Мағжан Жұмабаев көшесінде су құбыры қайта жарылып, су бүкіл көшені шайып өткен. Апат болған орыннан таспаланған бейнежазба әлеуметтік желіде жылдам тарап, халықты алаңдатып қойды. Тұрғындар кәріз құдықтарынан атқылаған су біраз үйге қауіп төндіргенін, сондай-ақ қазіргі уақытта облыс орталығының бірнеше ауданы сусыз отырғанын айтты. Апат орнында жүрген Петропавл әкімі Руслан Аңбаев далаға аққан су тоқтатылғанын хабарлады. «Жұмабаев көшесінде су құбыры жарылды. «Қызылжар Су» ЖШС-ның авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қазір далаға аққан су тоқтатылды, мамандар себебін анықтауда. Қаланың басым бөлігінде су беру қысымы төмендетілді.Осы аудандағы 15 үйде қазіргі уақытта су жоқ. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы, бейімдеу орталығы, Петропавл нан-тоқаш комбинаты мен «Севказэнерго» АҚ сусыз отыр», - деп мәлімдеді Руслан Аңбаев әлеуметтік желіде. Оның айтуынша, қала тұрғындары сусыз қалмайды. Апат болған аудан мен әлеуметтік нысандарға су жеткізіледі. https://youtube.com/shorts/JDcr7lKQYHk?feature=share