«Қаңтардағы қырғынның жарасы әлі жазылған жоқ»: Белгілі актер Бекжан Тұрыс өзі тұратын ауданда 2 күннен бері газ бен жарықтың жоқтығын айтып, билікке ренішін білдірді
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер өзі тұратын Ұйғыр ауданы мен Тұздыбастау ауылында 2 күн бойы жарық пен газдың болмағанын айтып, билікке сөз айтты, деп хабарлайды KYN.KZ сайты. Танымал актер бұған дейін де елдің мұң-мұқтажы мен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге қатысты ойын айтып, билік басында отырған ақ жағалыларға арызын жеткізіп жүрген. Бұл жолы ол Қаңтар қырғынын еске алып, халықтың алдағы 3 айлық қақаған қысқа дайын емес екенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ертерек қамданбаса, Қаңтар қырғынының қайталануын ескертті актер. «Қаңтар қырғынының жарасы жазылған жоқ, қанталап тұр әлі… Қаңтар қырғынында баласынан айырылған ананың көз жасы құрғамайды, жарын жоғалтқан келіншек қамкөңіл, бейбіт күнде әкесінен көз жазған бала кекшіл болады… Желтоқсан басталмай жатып үйімізде жарық пен газ жоқ. Жылуы жоқ азынаған үй, ыстық тамағы жоқ дастарқанның да берекесі кеткен… Сұп-сұр үйде үрпиіп отырған бала-шағаны көз алдыңа елестет, билік! Алдымыз үш ай қыс. Екібастұз -анау, Алматының тура іргесіндегі Тұздыбастау мен болашақта қай дөкейдің атын иемденетіні белгісіз мен тұратын НҰРШАШҚАНЫҢ - мынау! Кеше кешкі сағат 19.00-ден бері - газ, түннен бері жарық жоқ. Бүгін ғана емес, дауыл мен боранды қойып кішкене жел тұрса, жарық өшетін мекен бұл! Өз жерінде өгей баланың күнін кешкен неткен сорлы қазақ болдық біз! Желтоқсанның желі ызғарлы болған… Ақ қар қызыл қанға боялған еді… Қаңтардағы қырғынның жарасы әлі жазылған жоқ. Әділетті һәм Жаңа Қазақстанның сиқы осындай! Жылы һәм тегін тұратын үйіңде, көмекшіңді зыр жүгіртіп қойып ыстық шайыңды сораптағанда ойлан, халық қалаулысы! Көздің жасы мен қалған көңіл ЗАУАЛ келтірмей қоймайды. Кек сақтап өскен бала өз жарасын өзі жазатын қасқырдан бетер…», - дейді Бекжан Тұрыс.