Оралдық дәрігерлер үш айлық сәбидің қолын кесіп тастады
Орал қаласының тұрғыны Бақтыбай Әжіғалиевтің 26 жыл күткен сәбиі қолынан айрылды. Ол бұған дәрігерлерді кінәлайды. Айтуынша, үш айлық баланың мүгедек боп қалуына аурухана қызметкерлерінің салғырттығы себеп, деп хабарлайды KYN.KZ сайты Астана арнасына сілтеме жасай отырып. "Балам ертең бір он жылда "Қолым қайда?" десе не деп жауап беремін?" дейді Бақтыбай Әжіғалиев. Бақтыбайға осы сұрақ қазір маза берер емес. Өйткені 26 жыл күткен қуанышы ұзаққа бармады. Мерзімінен бұрын шала туған шарана облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бөбегі біртіндеп салмақ жинағанына қуанған анасы екі аптадан кейін ұлының қолы салқын тартып, түсі қарайып кеткенін байқайды. Әрі дәрігерлер оның қолын жасырып, жөргекпен бүркеп қойыпты. "Қолы жайлап-жайлап қан барса да, саусақтары қозғалады ғой. Соны істемей, екі күн отырды қозғалмай, УЗИ-ді күтіп. Сосудистый врачты шақыртты, ито оның өзін жолдасым шақыртқан сияқты. Дәрігерлер кінәлі. Врач, медсестра бәрі бірге реанимациядағы"- дейді баланың әкесі Бақтыбай Әжіғалиев. Сәби Рамазанның жағдайы күн санап нашарлаған соң, жергілікті және астаналық дәрігерлер консилиум шақырып, баланы Астанаға жібереді. Кейін Ұлттық Ана мен бала орталығында операция жасаған елордалық мамандар сәбидің қолын шынтақтан төмен кесіп тастаған. Денсаулық сақтау министрі бұл жағдайға қатысты тексеру жүргізілетінін жеткізді. "Егер науқастан әлде туыстарынан арыз-шағым түссе, арнайы комиссия құрылады. Қазір біз осындай комиссияларға тәуелсіз сарапшыларды көптеп тартып, әрбір жағдай бойынша экспертиза тағайындаймыз",-дейді ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят. Сәбидің ата-анасы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымданған. Мұндағы мамандар диагноздың уақытылы анықталмағанын айтып отыр. Енді сарапшылардың бұл ұйғарымын прокуратура қарайды.