Имам парақорлық пен жемқорлықты дінмен жеңудің пәтуасын айтты
Имам Нұрлан Байжігітұлы бүгінгі таңда қазақ қоғамын жайлаған жемқорлық пен парақорлықты дін арқылы қалай жеңуге болатынын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ сайты Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына сілтеме жасап. Әлеуметтік желіде «хит имамға» айналып, желі арқылы көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, алғыс алып жүрген имам күн көрістің бір әдісіне айналған қасиеттерден құтылудың жолдарын айтты. Оның айтуынша, кез келген мәселемен күресуді тоқстатқанда ғана ол мәселе өздігінен жойылып кетеді екен. «Атам қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Құдайдан қорқуды келтіру керек. Бұл – система. Сондықтан кейінгі жастар пәре беруден әбден қорлық көріп, жұмысқа тұра алмай, тұрса түртпек, әртүрлі нәрсені ортаға қойғандықтан, осы жастар осы нәрсені жеңіп шығады. Өйткені олардың жүрегінде иман бар. Түптің түбінде осы система өзгергенде ғана бұл нәрсе түбі жеңіледі. Мұнымен біз қанша күрессек те, азайып жатқанын көрген жоқпыз. Өзі жеңіледі», - дейді имам. Сондай-ақ жемқорлықтың екінші сыңарына айналған парақорлық та қазақ арасында дендеп тұрған індет екенін айта келіп, парасыз жасалған дүниенің, парасыз жеткен қызметтің берекелі болатынын ескертті шенеуніктерге. «Адам пәре беріп бір таққа келсе, бұл тақта не өліп кетеді, не абыройсыз кетеді. Егер халықтың қалауымен Алла өзі келтіріп, елдің құрметімен келсе, онда ол тақ оны дүниеде де, қияметте те де бақытты қылады. Осы ұстанымды ұстанса, бүгінгі қызметтегі кез келген шенеуніктің басындағы бағы үлкен нығметке айналады», - деді Нұрлан Байжігітұлы.