Қазақстандағы барлық әуежай жаппай сатылымға шығарылды
Ел Үкіметі 2023–2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялады. Олар мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталында орналастырылды. Мәселен, келесі жылы қарашада Семейдің әуе қақпасы жекенің қолына көшпек. Сондай-ақ сол айда "Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының" жүз пайыз акциясының сату көзделген. 2 жылдан соң "Қостанай халықаралық әуежайы", "Өскемен әуежайы" мен "Павлодар әуежайы" мемлекеттік меншік қатарынан шығарылады, деп жазды KYN.KZ сайты астана арнасына сілтеме жасап. Ал Шымкент әкімдігі 2025 жылдың аяғына дейін әуежайын сатып болуы қажет. Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы сатылмауы мүмкін. Өткен жылы 7,3 млрд теңгеге бағаланған әуеқақпаны жекешелендіруге ешкім қызығушылық танытпады. Өткен айда нысан тағы да сатылымға шығарылған. Бірақ бұл жолы да инвесторлар табылмады. "Біз әуежайды 2021 жылдан 2024 жылға ауыстырдық жоспарды. Бірақ та қазір өңір басшысының тапсырмасымен біздер Премьер министрге хат жаздық. Сол әуежайды жекешелендіру жоспарынан алып тастауды ұсындық біздер. Қазір мемлекеттік комиссияда қаралып жатыр",-дейді Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 20 әуежай жұмыс істейді. Соның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 6-ауы – жеке. Тағы 2 әуежай сенімгерлік басқаруда. Сондай-ақ 6 тікұшақ айлағы бар. Егер жеті әуежай жекешелендірілсе, мемлекет меншігінде 5 әуе қақпасы ғана қалмақ. "Мемлекеттік меншіктің үлесі 50 пайыздан асып кетсе, экономиканың тежегіш күшіне айналады. Ресми мәліметтерде 50 пайыздан асады, ал бейресми мәліметтерде ол 70-80 пайызға барады. Жеке сектор тиімдірек менеджер деген ұғым бар. Негізінен мемлекеттік менеджмент жеке секторға жол беріп қояды", – дейді экономист Мақсат Халық.