Жас айтыскер ақын Айшолпан Екібастұздағы апатты жағдайға жыр арнады (видео)
Жас суырыпсалма ақындардың бірі, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтың шәкірті Айшолпан Төлеутай Екібастұздағы қайғылы жағдайға арнап жыр төкті, деп хабарлайды KYN.KZ cайты. Ақынның бұған дейін талай байқауларда бақ сынап, айтары бар ақын екенін дәлелдеп жүргені белгілі. Тіпті отандық фильмдерде де төбе көрсетіп, актрисалық қырын да танытып келеді. Айшолпанның Екібастұздағы «көмілген ақиқаттың бетін ашқан» апатқа байланысты жазып, желіде жариялаған жыры көптің көңілін босатып, халық алғысын жаудырды. Билік әбден былық пен боққа батты, Алты алаштың арызын отқа жақты. Отыз жылда таусылды төзімдері Адам тұрмақ үйлердің көпқабатты. Табамыз енді бұған жауап қандай? Күй кешті ел тас зынданға қаматқандай. Атамыз деп еді ғой отыз жылда Байыған ел боламыз арабтардай. Басымыз, қазақ, қашан бірігеді? Сөздің де азайды ма жылы лебі? Жылусыз құбырлардан аңғарылар Жүйенің қаншалықты шірігені. Сары аяз сындыра алмас сағымызды. Кешегі кешір кеше шалымызды! «Қатырам, қатырам» деп расымен де Атамыз қатырды ғой бәрімізді. Кешір бізді, кеш бізді, Екібастұз! Ақиқаттың көмілген бетін ашқыз. Қара халық бір-бірін жылытпаса, Шенділердің шетінен беті – тас, мұз! https://youtu.be/zkHrAigw4cI