Дана Нұржігіт Сүлейменов немересінің қазасына орай көңіл айттып, ерекше естеліктермен бөлісті
- автор kyn.kz
- 28 маусым, 2018
- 307
Тележүргізушінің айтуынша, ол абыз ақынның немересімен осыдан бірнеше жыл бұрын, қаламгердің мерейтойында танысқан екен. Ол туралы Дана Нұржігіт өзінің желідегі парақшасында жазды.
"Осыдан екі жыл бұрын ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтың 80 жылдық мерейтойын жүргізу мәртебесі маған бұйырған еді. Ақынның туған-туысы, әлемнің түкпір-түкпірінен келген достары думанды кеште бас қосты. Саxна сыртындағы бізге,көмекшілікке жіңішкелеу келген бір жігіт жүгіріп келіп,сөз сөйлейтін қонақтар жайлы ақпаратты толықтырып, түрлі нұсқаулар беріп жүрді. Сондай сыпайы, шашын артқа тастаған, кең маңдайлы, аққұба бала. 22 маусым күні Астана көшелерінің бірінде болған жол апатында қаза болған мотоциклист, Олжас ақынның жиені дегенді естідім. Кейін опат болған баланың суреті шыққанда, ойыма сарт ете қалды! Құдай-ау! Мына жігітті мен білем ғой! Олжас ағаның тойында қасымда бәйек боп, жүгіріп жүрген жігіт-Ескендір екен ғой! Жаным-ау! Той үстіндегі қарбаласта тіпті жөн сұрасуға уақыт болмады. Сол жердегі көмекшілердің бірі шығар дегенмін ғой. Айналайын-ай! Өзін өсірген атасының тойында құрақ ұшып, жаны қалмай, көмектесіп жүрген Ескендір екенін сосын түсіндім. Олжас Омарxанұлының тұңғыш, жалғыз немересі! Қыркүйекте тойы болады деп қуанышқа дайындалып жүрген әулет бір күнде қан жұтып, ботадай боздап қалды-ау!", - деп қайғырды тележүргізуші.
Жазба соңында танымал журналист Сүлейменовтер отбасы мен марқұм болған Ескендердің сүйіктісіне қайғыра көңіл айтты.
"Мен топырағы суымаған жас жігіттің жақындарына: Олжас атасы мен Маргарита апасына, ата-анасына, туыстарына, сондай-ақ, ақ желек, ақ көйлек киіп, келін атанамын деген әппақ үмітінен бір сәтте айырылған Ескендірдің сүйіктісіне қайғырып, көңіл айтамын. Алла сабыр берсін сіздерге!Ескендірдің иманы жолдас болғай!", - деп жазбасын аяқтады тележүргізуші.