Петропавлда бес қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, түтінге тұншыққан пәтер иелері ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Петропавл қаласындағы Пушкин көшесі, 43 мекенжайда орналасқан бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққанын хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі. Өрт сөндіру қызметінің 3 автоцистернасы мен 3 арнайы көлігі, сондай-ақ жеке құрамнан 21 адам оқиға орнына жедел жетіп, тұрғындарды өрттен оқшаулады.
«Өрт үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінен шыққан екен. Оның иесі әйел біз келгенде далада жүрді. Нысан түтінге оранғандықтан, тұрғындарды құтқаруға тура келді. Демалу аппараттары мен қабын қолданып 5 адамды алып шықтық. Сондай-ақ тағы 25 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Жергілікті атқарушы органдар оқиға орнына автобустарды алдыртты. Үйден шығарылғандарды қатты аязда тоңып қалмауы үшін бірден осы көліктерге отырғыздық», - дейді қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Болат Жұмажанов.
Өрт толығымен сөндіріліп, оның шығу себебі мен шығын мөлшері анықталатын болады. Дәрігерлердің айтуынша, түтіннен уланған 80 және 48 жастағы екі әйелдің жағдайлары біршама жақсы.
https://youtube.com/shorts/im0Dwp5GCCc?feature=share