Басты жаңалықтар
Белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы балаларды тәрбиелеудің ең дұрыс жолын айтты
- автор kyn.kz
- 12 желтоқсан, 2022
- 398
Әлеуметтік желіде тікелей эфирге жиі шығып, халықты мазалап жүрген сұрақтарға жауап беріп жүрген танымал имам Нұрлан Байжігітұлы баланы тәрбиелеуде ата-ананың жіберетін қателіктерін атап, дұрыс жолды нұсқады. Бұл туралы KYN.KZ хабарлайды.
Имамның айтуынша, кез келген ата-ана бала тәрбиесін өзінен бастауы керек.
«Бала тәрбиесі – ұлы мәселелердің бірі. Ең әуелі, ата-ана өзін тәрбиелеуі керек. Содан басталады. Кімге күйеуге шыққаныңыз, кімге үйленгеніңіз өте маңызды. Мысалы, бір адамның төрт баласы бар делік. Төрт баласына «сен ұры боласың, сен алкаш боласың» деп үйретпейді ғой. Барлығына бірдей айтылады. Бірақ неге біреуі қабылдайды да, біреуі қабылдамайды? Өйткені оның түбінде, генінде қателік бар.
Байжігітұлы баланың тәрбиесінде оның генінің үлкен маңызға ие екенін айтады.
Бір ғұламаның баласы ұры болады. Содан ол неге ұры болды деп ойлайды. Әйеліне «сенен бір қателік болды ма» дегенде «иә, мен көршінің үйіне барғанда жерік болып, бір апелсинді киімімдегі түйреуішпен тесіп, сорып іштім де, қайтып орнына қоя салдым» депті».
Сонымен қатар қазіргі қазақ қоғамында әке мен ұлдың арасында мүлде байланыстың жоқтығын да атап өтті.
Қазір әкенің орны бір банкомат сияқты болып қалған. Жай ғана үйде бар ма, бар. Аналарымыз да балаларын «қазір әкең келе жатыр, әкеңе айтам» деп, дүниедегі ең жауыз адамдай қорқытады балаларын. Содан бала қорқып өтеді, сырласа алмайды, ішіндегісін айта алмайды. Әке мен ұл арасында тек моншада ғана әңгіме айтылады», - дейді имам.