Басты жаңалықтар
Смайлов: Жұмыс істеу қолынан келмейтіндер қазірден орнын босатсын
- автор kyn.kz
- 14 желтоқсан, 2022
- 228
Премьер-министр Әлихан Смайылов президент жүктеген міндеттерді орындай алмайтын әріптестерінен өз еркімен орнын босатуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстантілшісі.
Смайылов президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуға тиіс екенін атап өтті. Айтуынша, қоғам үкіметтен нақты, оң өзгерістер күтіп отыр.
"Мемлекет басшысы бізден "Жаңа жылға үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма?" деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен премьер-министр ретінде президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын және жауапкершілікті мойныма аламын", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Ол әрбір үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтетінін айтты.
"Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын деген әріптестеріміз қазірден орнын босатуы керек.
Орындарына басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады", - деді премьер.
Үкімет басшысы президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Республикалық штаб құрылғанын айтты. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлық бірінші басшылары кірді.
Штаб отырыстары жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
"Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының әрбір қадамы тұрақты бақылауда болады. Осы Жоспардың барлық тармағының орындалуы үшін бірінші басшылар тікелей жауапты", - деді ол.
Смайылов үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы бірқатар бағыт бойынша қатаң сын айтқанын еске салды.
"Әр министр президент тапсырмалары мен Іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау жөнінде жұмыс тәсілін ұсынуға тиіс", - деп түйіндеді сөзін үкімет басшысы.