Онлайн микронесие толықтай алынып тасталуы мүмкін
Бүгінгі қоғамдағы қаржылық қиындықты банктік несиені шектеу арқылы шешу екіталай. Егер адамдарға ақша қажет болса, қарыз алады. Ломбард, реттелмеген онлайн қарыз алушылар мен несие берушілерді ешкім бақылап жатқан жоқ. Жақында Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөз сөйлеп, бұл саланы қатаң түрде қадағалауды қолға алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ. «Кепілсіз онлайн микронесиені барынша реттеп, қатаң қадағалау қажет. Кейбір елдерде оған толық тыйым салынған. Бұл тәжірибе бүгінгі таңда бізге де қажет болып отыр», - деді мемлекет басшысы. ҚР ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова қаржыгерлердің жақында өткен Х Конгресінде осы тақырыпты қозғады. «Онлайн-микронесие нарығының қызып тұрғанын көрдік. Бұл – тәуекелділіктің ең жоғары дәрежесі. Егер несие ең төменгі жалақыдан төмен болса, қарыз алушының кірісі қаралмаған деген сөз. Біз қазір осы мәселені реттеу бойынша қатаң шаралар қабылдадық. Қажет болса, одан да қатаң реттеу шараларын қолданамыз», – деді Агенттік Төрағасы.