Басты жаңалықтар
Президент қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
- автор kyn.kz
- 16 желтоқсан, 2022
- 306
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Құрметті отандастар!
1991 жылғы 16 желтоқсан - төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл - егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.
Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау - қасиетті парызымыз.
Олардың отаншылдық қасиеті - бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге. Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз.
Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз. Тәуелсіздік - баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау - әр азаматтың қастерлі борышы.
Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.
Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық.
Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру - әрқайсымыздың қолымызда. Егемен елімізді одан әрі дамыту - алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.
Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!" - деді Президент.