Басты жаңалықтар
Ақтөбеде жол апатына түскен 21 жастағы бапкер әлі комадан оянбады
- автор kyn.kz
- 21 желтоқсан, 2022
- 288
Ақтөбеде жол апатынан ауыр жараланған үш оқушының беті бері қарады. Үш күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан балалар бүгін палатаға ауыстырылған.
Күндіз консилиум өткізген дәрігерлер үш баланың отадан кейінгі жағдайына қуанып отыр. Енді олар травматолог мамандардың бақылауында болады. Ал, арнайы аппарат арқылы дем алып жатқан екі бала әлі есін жимады. Бас жарақатын алған жасөспірімдерді оятуға ерте дейді дәрігерлер. Қазір оқушылардың жаттықтырушысының жағдайы тым ауыр.
Мойын омыртқасы үзіліп, басынан жарақат алған 21 жастағы бапкер әлі комада жатыр. Айта кетейік, үш күн бұрын 9 оқушы мен жаттықтырушы мінген жеңіл көлік апатқа ұшыраған. Тізгінде Темір ауданындағы спорт мектебі директорының орынбасары болған. Ол жолда қалғып кетіпті. Осы апаттан кейін бірден қамауға алынған жүргізуші сот шешімімен үй қамаққа жіберілді.
"Сотпен аталған өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылып, күдіктіге 2 ай мерзіміне, яғни 2023 жылдың 17 ақпанына дейін үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды",- дейді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Айжамал Сүндет.