Басты жаңалықтар
Сот Қайрат Боранбаевты үй қамаққа жіберуден бас тартты
- автор kyn.kz
- 30 желтоқсан, 2022
- 259
Сот Қайрат Боранбаевты үй қамаққа жіберуден бас тартты. Белгілі бизнесмен Астананың Сарыарқа ауданы сотында жауап беріп жатыр. Бүгін процесс бастала салып, айыпталушының адвокаты Боранбаевты үй қамаққа ауыстыруды сұраған, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасап
Адвокатының айтуынша, уақытша қамау изоляторында отырған Боранбаевтың денсаулығында кінәрат бар және онның мемлекетке келтірген шығынды толық өтеп бергенін, асырауында кәмелетке толмаған екі баласы мен қарт анасы барын алға тарты. Бірақ судья Назгүл Бапақова арызды қабылдаған жоқ.
Боранбаевтың ісі аса ауыр қылмыс қатарына жататынын айтқан судья, денсаулығы нашарласа, қамау орнындағы медициналық көмекке жүгінсін деді.
Еліміздегі ең ірі кәсіпкерлердің бірі биыл көктемде елден қашып бара жатқанда ұсталған. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген. Боранбаев «Қайрат» футбол клубының, Қазақстандағы McDonald’s мейрамханалар желісінің қожайыны және Ұлттық паралимпиада комитетінің төрағасы.