Туған әкесі азаптап өлтірген болуы мүмкін: Ақтөбеде жоғалып кеткен 4 жасар бүлдіршіннің денесі табылды
Полиция баланың мәйітінде азаптау белгілері барын айтты
Ақтөбеде екі күн бұрын жоғалып кеткен бүлдіршіннің мәйіті табылды. Тәртіп сақшылары төрт жасар Данил Ахунов кісі қолынан өлген деп отыр. Бірақ оны кімнің және қашан өлтіргенін ашып айтпайды. Тек жоғалғалы бері әкесін тергеп жатқан. Себебі, ұлын подъездің алдына тастап кетіп, соңғы рет көрген де сол әкесі болатын, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасап. Тәртіп сақшыларынан бастап жүздеген ерікті мен әскери бөлімнің сарбаздары кішкентай Данилді екі күннен бері іздемеген жері қалмады. Қала көшелеріндегі қуыс-қуысты қарап, құдықтарды тексерді. Тіпті шаһар шетіндегі сай-саланы да аралап шықты. Бүгін полицейлер төрт жасар бүлдіршіннің мәйіті табылғанын хабарлады. Оның қайдан және қашан тапқанын тәртіп сақшылары айтпай отыр. Тек бейкүнә баланың кісі қолынан өлгенін растады. "Іздеу шараларының нәтижесінде зорлықпен өлім белгілері бар жоғалған баланың мәйіті табылды. Осы қылмысты жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынды. ҚР ҚК 99-бабының үшінші бөлігі, жас баланы өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр",- деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов. " Бірінші желтоқсанда біздің қызметкерлер балалардың денесінен соққы іздерін байқап қалады. Туған күндеріне орай мереке ұйымдастырып, соған шақырып едік. Әкесі үшемді әрең әкелді. Данил «әкеміз бізді ұрады» деп ашық айтты. Үшеуін де таяқпен ұрғандай із қалған. Дереу инспекторларды шақырып, хаттама да толтырылды",-дейді «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Айгүл Бижанова. Сол кезде балаларды әкесінен неге қайтып алмағаны әзірге белгісіз. Ал Данил жоғалғаннан соң қалған екі бауыры «Аяла» деп аталатын бейімдеу орталығына жіберілген. Қос бүлдіршін қазір сонда тәрбиеленіп жатыр.