Көкшетауда шырт ұйқыда жатқан үш әйел суға күйіп өлді
Көкшетауда шырт ұйқыда жатқан үш әйел ыстық суға күйіп көз жұмды. Пәтердегі жылу құбыры жарылып, қайнаған су көпқабатты үйдің подьезіне дейін жайылған, деп жазды KYN.KZ сайты KTK арнасына сілтеме жасап. "Ұйықтап жатқанбыз біреу есікті тарсылдатты. Атып шықтық. Подьезді бу басып кеткен. Қайнап тұрған суда етікпен әрең жүрдік. Көршілерді айғайлап ояттық. Су кетіп жатқан пәтерді ешкім ашпады. Барлық қызметке телефон шала бастадық",- дейді оқиға куәгері Жанна Көкешова Көршілер түнделетіп коммуналдық қызметтердің бәріне хабарласқан. Бір сағат бойы ыстық сумен алысқандарға ешкім көмекке келмепті. Тек учаскелік инспекторды әрең тапқан. Одан кейін келген құтқарушылар есігін ашпаған бірінші қабаттағы пәтердің терезесін бұзып кіріпті. Ішінде ыстық суға оңбай күйіп қалған үш әйелдің жансыз денесін тапқан. Олар 59 жастағы пәтер иесі мен оған қонаққа келген қос құрбысы. Әзірге марқұмдардың ішімдік ішкен-ішпегені белгісіз. "Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне енгізілді. Бастапқы медициналық куәләндіру қорытындысына сәйкес, әйелдердің өлімінің себебі күйіктен болған шок. Басқа жағдайлар сот медициналық сараптамасынан кейін белгілі болады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде",- дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.