Ол өрттің басталғанын сезген сәтте "112" қызметіне қоңырау шалған
Семей қаласында 5 жасар бала "112" қызметіне қоңырау шалып, екі інісін өрттен құтқарды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Ресми мәліметке сәйкес, 5 қаңтарда сағат 16:58-де "112" пультіне 5 жасар бала хабарласып, жер үйде өрттің иісін сезгенін айтқан.
Оқиға орнына дереу құтқарушылар бригадасы жеткен. Полиция мен жедел жәрдемге де хабар берілген. Ал диспетчер бейнебайланыс арқылы баламен сөйлесіп, жағдайды бақылап отырған. Терезе ашуға кеңес берген.
Құтқарушылар келген бойда өрттің иісін сезген. Балаларды сырттан жауып кеткен. Мамандар арнайы құралдармен құлыпты бұзып, балаларды жедел медициналық жәрдемге тапсырды.
Оларды қалалық балалар ауруханасына жеткізді. Сол жерде газдан жеңіл улану диагнозы қойылды.
Қазіргі кезде балалардың жағдайы жақсы.
Төтенше жағдайлар департаменті балаларды қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.
Келесі мақала