Басты жаңалықтар
Көршілері: жоғалып табылған Әнелдің анасы балаларын аяусыз ұрады, қатыгез
- автор kyn.kz
- 7 қаңтар, 2023
- 229
Әнел: Мен үйге барғым келмейді. Анам "сені байда алмайды" деп ұрып тастайды
Шымкентте жоғалған Әнел есімді 15 жастағы оқушы қыздың жағдайына бүкіл Қазақстан халқы алаңдады. Қыз бала үйінен кетіп қалғаннан кейін бір аптаға жуық уақытта табылды. Ол өзін іздемеулерін сұрап анасына бейтаныс адамның телефонынан смс жазған. Алдын ала бәріне дайындалған оқушы жылы киімдерін киіп, телефонын үйіне тастап кеткен, деп жазды KYN.KZ сайты.
Анасы полицияға хабарласып көмек сұраған. Қызы табылмағаннан кейін желіге видео жүктеп, қызынан үйге оралуды сұрайды.
"Үйге келші, Әнел. ешкім саған ұрыспайды. Бәріміз күтіп отырмыз. Қанша нәрсе істесең де кешіріп жүрмін ғой. не істесең де ұрыспаймын, кешірмеймін. Не айтсаң да ұрыспаймын. Мен сияқты бәрібір ешкім саған жаны ашымайды. Әнел, балапаным, үйге келші. Мен сені қатты жақсы көремін. Осыған дейін қанша нәрсе істесең де кешіріп жүрмін ғой. Жұмыс, ұйқы бәрі қалды. Жұмыстан шығарып та жібереді мені. келші",- деген қыздың анасы.
Ал бір аптаға жуық Шымкент полициясы Әнелді вокзал маңындағы жалдамалы пәтерден тапқан. Оның қасында кәмілет жасына толған екі ер адам болыпты. Қазірге ол жігіттер жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Полиция істі қарап жатқандықтан ол жайлы ашық ақпарат бермеді.
Әнелдің өзі болса табылғаннан кейін үйіне оралғысы келмейтінін айтқан.
"Себебі мен өлгім келді. Пышақталып өлгім келді. Шешем "Бұл дүниеде тірі жүргенше өлгенің жақсы" дейтін. "Сені ешқандай байда алмайды, түріңе де қарамайды" дейтін. Мен үйге барғым келмейді. Не үшін? Өйткені күнде мені ұрады. "Сені байға беріп жіберу керек" дейді. Сол себепті мен үйге барғым келмейді. Барлық нәрсеге мен кінәлі болып қаламын",- дейді Әнелдің өзі.
Журналист Гүлмира Әбіқайдан Әнелдің анасы қызын табуға көмек беруін сұраған еді. Журналист бұл жағдайды желіге жариялаған кезде оқырмандары арасынан бұл отбасыны сырттай танитын көршісі қыздың анасының қатыгездігі жайлы ақпарат берген.
"Бұл әйелдің аты Гүлмира болса ол балаларын оңдырмай сабайды. Бұрын квартирада бірге тұрдықү Балалары жасқаншақ. Өмір бақи аналарынан қорқып далада жүретін",- деген әйелдің көршісі.
Қыздың анасы үш баласын өзі өсіргенін айтқан. Тұңғышы отбасын тастап бөлек кетіпті. Екінші қызы Әнел де үйінен безініп отыр. Кішкентайы анасының қамқорлығында екен. Ал жалғызбасты әйел болса еден жуып балаларына ас- ауқат, жалдамалы пәтер ақысын тауып тіршілік етеді.
Қазір Шымкент полициясы отбасындағы жағдайды тергеп- тексеру жұмыстарына кірісті. Әнелдің анасы өзі айтқандай қатыгез болса балалар мемлекет қамқорлығына берілуі әбден мүмкін.