Басты жаңалықтар
Алдағы уақытта Қазақстанда оқу ақысы тағы қымбаттай түседі
- автор kyn.kz
- 8 қаңтар, 2023
- 270
Ақылы оқитын студенттер ақшасының есебінен мұғалімдер айлығы өседі
Елімізде алдағы уақытта оқу ақысы тағы қымбаттауы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі университтеттердегі бағаны енді бақылауда ұстамайды. Оқу ақысының құны нарық заңына сәйкес белгіленеді. Есесіне, одан түскен қаражат оқытушылардың жалақысы мен студенттердің стипендиясына жұмсалады, деп хабарлайды KYN.KZ сайты 31 арна жаңалықтарына сілтеме жасай отырып.
Бақ пен бабы келіспей, грантқа түсе алмай қалған студенттерге жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, енді гранттар үш түрлі жолмен тағайындалады. Мәселен, «Дарын» гранты жыл сайын 2000 студентке беріледі. Бұл грант түрін Ұлттық Бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы балды иемденгендер мен пәндік олимпиадаларда 1-орын алғандар алады.
Ал стандартты гранттар осыған дейін белгіленген тәртіп бойынша әр талапкердің таңдаған мамандығына сәйкес тиесілі болады. Грантқа қолы жеткендердің дені осы стандартты гранттарды иемденеді. Үшінші «Қамқор» гранты ақылы түрде оқуға мүмкіндігі жоқ студенттер үшін қарастырылған.
"Тиісті балл ала алмаған, негізгі грантқа кіре алмаған балаларға қосымша Президенттің тапсырмасы бойынша біз гранттың 50 пайызын беретін боламыз. Қалған 50 пайызын олар өз қаражатына төлейтін болады. Немесе білім кредиттері деген болады, солар арқылы рәсімдеп төлеуге мүмкіншілік болады",—дейді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
2024 жылдан бастап жоғарғы оқу орындарында білім алу үшін жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несиені енді білімге ынтасы бар әр талапкер рәсімдей алады. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, қаражаттың жетіспеушілігінен білімнен қағылғанша, мұны да бір мүмкіндік ретінде қарастырған жөн.
"1-2 пайызбен студенттерге оқу үшін несие беруді көздеп отырмыз. Студент орта есеппен университетте 4 жыл оқиды десек, одан кейін 3 жыл тәжірибе алып, жұмысқа сіңісіп кетуіне мүмкіндік жасалады. Осы уақыт ішінде несие алушы мемлекетке берешегін төлемейді. Несие алған мерзімнен бастап 7 жыл өткеннен кейін ғана кредитті төлеу міндеттеледі",— дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Десе де, халық несие беріле бастағаннан бастап онсыз да құны аспандап тұрған жоғарғы білім ордаларындағы оқу ақысы қымбаттап кете ме деп алаңдайды. Министрлік өкілдері де бүгін журналистерге Жоғарғы оқу орындарының ақысын толық қадағалай алмаймыз деп отыр. Себебі былтыр инфляция 14 пайыздық межеден асып жығылғандықтан, университтер де ақыны біртіндеп көтеруге мәжбүр.
Келесі мақала