Басты жаңалықтар
Прокурор Шерниязов пен Төребаевтың қалай қылмыстық топ мүшесіне қосылып кеткенін айтты
- автор kyn.kz
- 9 қаңтар, 2023
- 343
Алматы соты блогерлердің ісін қарап жатыр
фото:azattyq ryhy
Алматыда Astex және Mudarabah Capital қаржылық пирамидасының ісі бойынша сот отырысы жалғасты. Басты күдікті блогерлер Әзімхан Саидбаев, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязовтардың осы қылмыстық топта жасаған қызметтерін сот жіті қарап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты.
Сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Онда ең алдымен Astex қаржылық пирамидасы құрылғаны айтылады.
"Құрманғалиев өзінің туысы Мансұровтың көмегімен қылмыс жоспарын құрған. Осылайша олар ұйымдасқан топ ретінде қаржылық пирамида тізбегін жетілдіреді. Алдымен "Astex" ЖШС тіркейді. Құрманғалиев салымшыларына уәде еткен 240 пайыздық үстемені төлей алмайтынын түсінгеннен кейін жаңа адамдарды іздейді. Салымшы санын арттыруды көздейді",— деді прокурор.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін олар өз ісін кеңейту үшін танымал адамдарды тарта бастайды. Осылайша халықтың сенімін арттыру үшін бұл іске Руслан Бұрқанов, ӘЗімжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов қосылады.
"Олар бұл ұсыныстың заңсыздығын түсінсе де өз келісімдерін берген. Осылайша жаңадан "Mudarabah Capital" ЖШС-ін тіркейді. Ал жарғылық капиталға қатысу үлестерін пропорционалды түрде бөледі. Компанияның негізгі мақсаты салымшылардың ақшасын тарту құралы ретінде пайдалану. "Mudarabah Capital" мен "Astex" арасында келісім жасалды. Оған сәйкес бірінші клиенттерді іздеуге, "Astex" атынан келісім жасауға, келісімнен кейін кеңес беруге және басқа да заңды операцияларды жүзеге асыруға міндеттенді. Аталған келісім "Mudarabah Capital"-дың Astex компаниясының құрылымдық бөлімшесі болғанын көрсетеді", — деді мемлекеттік айыптаушы.
Сонымен қатар, прокурор Руслан Бұрқановтың "Mudarabah Capital" компаниясының директоры болып тағайындалғанын және құрылтайшылар құрамына кіретінін де айтты. Ал Саидбаев пен Шерниязов әлеуметтік желіде жарнама жасап, жаңадан адамдар тартуы тиіс болды.
"2020 жылдың қыркүйек айында жоғарыда аты аталған азаматтар қаржы пирамидасын халық арасында кеңінен насихаттау үшін 1 миллионнан астам жазылушысы бар Төребаевқа жолығады. Әрі жақсы сыйақы беруге ұсыныс айтады. Мейіржан бұл істің заңсыздығын түсінсе де келісімін берген. Алда-жалда компания құрдымға кетсе қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кететініне сенімді болған. Осылайша қылмыстық топ құрамына қосылады. . Ол салымшыларға пайыз төлеу мүмкін емесін, заңсыз қаржы пирамидасы екенін түсініп, жұмыстың кірістілігін бағалап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын білсе де өз жұмысын бастады", — деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы сөзіне сүйенсек, Төребаев әлеуметтік желі арқылы қаржы пирамидасын жарнамалап, мейлінше халық қатарын көбейтуі тиіс болды. Сонымен қатар, құрылтайшылардың тергеу бойынша 11-11,5 пайыздық жарна алып отырғанын да анықтады.
Дереккөзі: exk.kz