Астанада жеткізу қызметінде жұмыс істеп жүріп қымбат заттарды ұрлап алатын курьер ұсталды
Курьер тапсырыс берушінің затын алғаннан кейін телефонын сөндіріп жоқ болып кететінді шығарған
Астана тұрғындарын сан соқтырған курьер ұсталды. Жеткізу мобильді қосымшасына тіркелген азамат дүкендерден тапсырыс берушілердің тауарларын жеткізіп беру керек болған. Алайда, қолына қымбат заттар түскен бойда бірден телефонын өшіріп ұшты-күйлі жоғалған, деп жазды KYN.KZ Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап. Полицейлер жалған курьер 24 адамды жапа шектіріп, 4 миллионға жуық теңгенің тауарын қолды қылғанын мәлімдеді. Оңай олжаға кенелмек болған ер адам алдымен курьерлік қызмет ұсынушы ретінде тіркелген. Сөйтіп, тапсырыс берушінің өтінімі бойынша дүкендердегі жаңа тауарларды алып отырған. Алайда оны иелеріне жеткізбестен орта жолдан өзі жымқырып келген. Ал, алданған қала тұрғындары алаяқтың ұялы телефонына хабарласа алмай қалған. Қазір полицейлер күдіктіні ұстап, үстінен "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тінту кезінде одан ұялы телефондар, ноутбуктар, сымсыз құлаққаптар және басқа да құрылғылар тәркіленген. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.