Басты жаңалықтар

Емделушісі өлтірген дәрігер Шумковтың әйелі мен анасы соттан 105 миллион өндіріп беруді сұрады

Дәрігерді атып өлтірген күдікті 20 жылға сотталуы мүмкін

Бүгін прокурор Шумковтың өліміне кінәлі деп айыпталған күдіктіге соттан 20 жыл жаза сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. Марқұм Шумковтың анасы мен жесірі материалдық және моральдық шығын ретінде 105 миллион теңге төлесін деген талабын да айтты. Осыған дейін күдікті кінәсін толық мойындаған еді. "Түпкілікті жаза ретінде 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауыңызды сұраймын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуін белгілеуіңізді сұраймын. Бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруыңызды сұрайымын және ҚҚР ҚК 98-бабына, 1-2 тармақтарына сәйкес сотталушы жәбірленуші жаққа 30 АЕК өндіріп алуын сұраймын",- деді мемлекеттік айыптаушы Данияр Тағаев. Былтыр сәуір айының басында Алматыда емделуші өз дәрігерін аңшы қаруымен атып өлтірді. Қанды қылмыс таңғы уақытта көлік тұрағында болған. Юрий Шумковты атқан соң, күдікті артынша жол бойында тұрған көлікке мылтығымен мініп, оқиға орнынан ізін суытады. Полицейлер оны бір сағатқа жетпей ұстады. Осыған дейінгі сот отырысында куәгерлердің берген жауабы бойынша, айыптының мылтықтан бөлек, тапаншасы болғаны да анықталды. Қылмысты алдын ала жоспарлаған. Бір күн бұрын қанды оқиға болатын жерде жалдаған такси көлігінің ішінде жасырынып жатқан. Ал күдіктінің анасы ұлы бұл қылмысқа шарасыздықтан барғанын мәлімдеген еді. Айтуынша, іш құрылысын тексеру үшін зонд жұнтқызғанда шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күрт нашарлап, екі айда 95 тен 64 келі салмаққа бір-ақ түскен. Шумков кінәсін мойындамай, өзіне маңайлатпаған соң, ашынған баласы ақыры осындай қылмысқа барыпты. Атышулы іс бойынша сот аяқталуға жақын.