Серікзат Дүйсенғазы қайтыс болған баласының өліміне себепшілер мен кінәлілер барын айтты
Ақын: 1,5 сағат бойы баланы таудан төмен түсірмеді, бізге көрсетпеді. Алғашқы медициналық көмек те болмады
Жақында ақын Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлы Әлиханнан қапыда көз жазып қалған еді. Ауыр қайғыдан соң есін енді жинаған ақын баласының өліміне қатысты бар шындықты жайып салды, деп хабарлайды KYN.KZ. "Күтпеген оқыс жағдайдан есті енді ғана жиып отырған жайым бар. Мұндай ауыр сынақты Алла ешкімнің басына бермесін. Қайғырғанға басу айтып, қамыққанға ақыл айтып жүрген адам болсам да жүрекке жазылмас сызат түсті. Енді оның емі тек Алланың тура жолы, Исламның иман байлығы ғана болар ",- дейді ақын. Бірақ, Серікзат Дүйсенғазы баласы шаңғыдан оқыс жағдайда опат болса да кейбір тұстары әлі күңгірттеу болып тұрғанын айтады. "Ол шаңғыны өте жақсы тебетін. Ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім. Сол соңғы рет тауға көтеріліп бара жатқанын анасы түсірген видео бар. Ары қарай не болғанын біз білмейміз",- деп ақын бұл оқиғаға күдікпен қарайтынын айтты. Ақын «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей тығып ұстады деп, оқиға орнынан куәгерлер іздеп жатқанын айтты. "Себебі, шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлері де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғалтып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтегенін қалай түсінеміз?", - деді айтыскер ақын. Ақын Серікзат Дүйсенғазы «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді, біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп өз ойын жеткізді.