Басты жаңалықтар

Екі қазақ баласы жоғалып, бір қыз құлдықта болған "Алтын үшбұрыш" дегеніміз не?

Шетелге барып ақшаға қарық болам деп ойлағандар "Алтын үшбұрыш" жайлы біліп алған артық болмайды

Дубайға жұмыс істеуге кетіп, 27 желтоқсаннан бері байланысқа шықпаған Исламбек Қазбеков пен тараздық Жарас есімді жігіт қазір іздестіріліп жатыр. Белгілі болғандай, олар Таиланд арқылы «Алтын үшбұрыш» деп аталатын шекаралас аймаққа кіріп, содан хабарсыз қалған. Осы орайда, KYN.KZ шырғалаңы көп жұмбақ мекен туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынады.

«Алтын үшбұрыш» – Таиланд, Мьянма мен Лоастың таулы аймағында орналасқан географиялық аумақ. Мұнда апиын өндірісі мен адам саудасы қызып тұр және көптеген қылмыстық топтар шоғырланған. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында қызылордалық Анель Бермағанбет есімді бойжеткен тап осы «Алтын үшбұрышта» еңбек құлдығына түсіп, Қазақстан мен шетелдік құзырлы органдарының араласуы арқылы елге аман-есен қайтарылған еді. Көп ұзамай, аталған қауіпті аймақта тағы екі қазақ баласы із-түзсіз жоғалып кетті. Анель кейін отандық арнаға сұхбат беріп, аталған мекенде адам саудасы қызып тұрғанын да айтты. Себебі, адамдарды сатумен айналысатын келіншек оған хабарласып, мәселені ушықтырмауды сұраған. Анельдің айтуынша, аталған мекенде адам 3 мың долларға сатылып кетеді. «Алтын үшбұрыш» орналасқан Мьянма елі апиын өндірісі бойынша Ауғанстаннан кейінгі екінші орында тұр. Аталған елде әлем бойынша апиынның 25 пайызы шығарылады. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Алтын үшбұрышта» заңсыз синтетикалық метафетамин саудасы қызып тұр. Әсіресе, Мьянманың Шан штаты әлемдік метафетаминнің ошағы саналады. Осы жерден есірткі Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттеріне, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Канада мен Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропа елдеріне жөнелтіледі. Анель Бермағанбеттің ағасы Қанат Бермағанбет жоғалып кеткен екі қазақ баласын табу үшін көмегін аяр емес. Оның айтуынша, қылмыстық топ жұмыс іздеген жастарды ақшамен арбайды. Мыңдаған доллар жалақы беретінін, жұмыстың Таиландта екенін айтып, кейін атышулы «Алтын үшбұрышқа» әкетіп отырған.