"Олар шариғат туралы айтты": Үш жігіт зорлап кеткен 30 жастағы азамат жантүршігерлік жайтпен бөлісті
Сөйтіп, бейнежазбаны әлеуметтік желіге жарияламаулары үшін 500 мың теңге сұраған. Ал айтуға ауыз бармайтын қылмыстың құрбанына айналған жігіт мойынына пышақ тақап, қорлаған қаскөйлер қатаң жазаға тартылсын деп талап қойып отыр. Айтуға ауыз бармайтын қылмыстың құрбаны болдым деген жігіт есімін өзгертіп, түр-әлпетін көрсетпеуді өтініп отыр. Сол үшін есімін шартты түрде Әділ деп алдық. Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы танысқан досы бірнеше күн бұрын үйіне приставка ойнауға шақырған. Әділ келістім дейді. Сөйтіп, уәделі күні жаңа танысы айтқан мекенжайға барады. Бірақ сол сәтте-ақ қаскөйлер құрған қақпанға түскенін аңғарыпты. Себебі пәтердің есігі ашылып, ішке енгенінде тағы екі жігіт баса-көктеп кіріп келген. Арада бірден төбелес басталыпты. Алайда үш жігітке тойтарыс беруге шамасы жетпеген екен. Яғни, қаскөйлер Әділді әбден соққыға жығып, тамағына пышақ тақап, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл қорлық үш сағатқа созылды деді жәбірленуші. Әрі озбырлар осы уақыт аралығындағы барлық іс-әрекеттерін таспалап, Әділді бопсалауға кіріскен. "Угрозалар болды менің өміріме. Қазірдің өзінде менің өміріме угрозалар бар. Барлығы да бейтаныс адамдар маған. Олар көбінесе шариғат туралы айтты. Дін жолы туралы айтты. Құдайға сену туралы айтты. Иә, әрекеттерінің барлығын видеоға түсірді. Маған өзіме көрсетті «видео осылай жарияланады» деп. 500 мың теңге талап етті", - дейді ол. Әділ қаскөйлерден құтылу үшін айтқанына көндім, қарсылық көрсетпедім деді. Сол үшін қордағы қаражатының бәрін беріпті. Ал балағаттап, зорлап, қорлаған сәтін таспалаған озбырлар жақ ашсаң жаныңды аламыз деп қорқытыпты. Тіпті үйге қалай жеткенімді білмеймін дейді Әділ. Алғашқы ойы өз-өзіне қол салу болыпты. Ал ес жиған соң аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсірген. Полицейлер көп ұзамай күдіктілерді ұстаған. Қазір оларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Егер айыпты деп танылса жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. "Бұл азаматтар қазіргі таңда қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде біз болған қылмыстың толық мән-жайын анықтап, қылмыстық іс аясында процесуалдық шешім қабылдайтын боламыз", - Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Департамент өкілдері күдіктілер кінәсін ішінара мойындады дейді. Бірақ жәбірленушінің сөзі тек сараптама қорытындысынан соң ғана нақтыланбақ. Ал ішегі зақымданып, түрлі дене жарақаттарын алған жігіт қазір ем қабылдап жатыр. Әрі ол өмірінің күл-талқанын шығарған озбырлар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп отыр. Сол үшін соңына дейін күреспек.