Басты жаңалықтар
Үшемнің анасы: Перзентханада әкімдік өкілі "үй береміз" деп сол бойы хабарсыз кетті
- автор kyn.kz
- 17 қаңтар, 2023
- 271
Бес балалы отбасының кішілері үшем. Олар қыс ауасында жатақханадан қуылғалы жатқандарын айтып көмек сұрап отыр
Әкімдіктің екі сөйлегені қайткені? Алматыда үшем босанған ана шенеуніктердің перзентханада екі бөлмелі пәтер береміз деп, артынан жауапсыз қалғанына қапа. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған отбасы жатақхананың қуықтай бөлмесінде тұрады. Оның өзін ақпанда жөндеуге жабамыз, босатыңдар депті. Бұл туралы KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шарасыздықтан шырылдаған ана базынасына билік басындағылар құлақ аса ма деп үміттенеді. Ал, қалалық әкімдік "үй береміз" деген уәде болған жоқ дейді.
Төрт айдан енді асса да, үшемнің мінезі үш түрлі екені байқалады. Бірі ойыншыққа алданып, екіншісі қолдан түспесе, үшіншісі әкімдіктің әперген арбасында ұйықтап жатыр. Жатақхананың аядай бір бөлмесін Айжан бес баласы және жолдасымен жалдайды. Айтуынша, босанғанда арбасын арқалай келген атқамінердің бірі «екі күнде үй береміз» деп төбесін көкке жеткізген. «Балалардың несібесі ғой» деп қуанған көңілі кейін су сепкендей басылды.
"Әкімдікке барып едік, қалада үш жыл тіркеуде болмағансыздар деді. Сол себепті сіздерге үй берілмейді деген жауап алдық. Үкіметтен сұраймын, осы үш балапаныма үй берсе екен деп. Үй керек, балаларға қиын болып жатыр. Балаларым жылап жатыр, осы үш айдың ішінде біз үш рет ауруханаға түстік. Инфекция бөлімшесіне. 20 күннен, 10 күннен түсіп жатырмыз. Мына жақ қапырық",- дейді Айжан Самат.
Отағасы Нұртаза жалдамалы жұмысшы. Тапқан табысы жатақхананы жалға алу мен коммуналдық төлемнен артылмайды. Қымбатшылық алқымнан алған алмағайып уақытта баспаналы болу сағымдай жеткізбей ме деген қалың ойдың құрсауына жиі түседі. Тау қопарар жігері болса да, аяқтан тұруға сәл демеуі болмай тұр.
"Балалар жылы деп жатырмыз. Үкіметтен ешқандай көмек жоқ. Кейбіреулері айтады, ай сайын азығымызды әкеліп тұрады, анауымызды әкеп тұрады. Ешқандай көмек, ешқандай нянка жоқ. Медсестра береді дейді, медсестраға хабарлассаң әрең келеді әйтеуір",- дейді бес баланың әкесі Нұртаза Дүйсенбек.
Алматы әкімдігі заң бойынша үшемге үй берілсін деген заң жоғын айтады. Ал бұл отбасыға қай әкімдік өкілінің «үй береміз» деп уәде еткенін білмейіз деп әңгімені жылы жапты.
"Ол жайлы шынын айтсам, ақпарат жоқ бізде. Кім барғанын, кім қалай айтқанын, ондай бізде ресми ақпарат жоқ. Және де мен Алматы қаласы әкімшілігі тарапынан ондай болған жоқ. Ал егер шағымданса, ол кісі, әрине, біз өз ресми жауабымызды берер едік",-дейді Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин.
Көпбалалы отбасы билік баспана деген бастарындағы басты проблемаға көз жұма қарамас деп үміттенгісі келеді. Жатақхана жөндеуге жабылатындықтан, келесі ай басқа жер қарауға мәжбүр. Пәтер ақысы аспандап тұрған кезде далада қалмаймыз ба деген уайым да маза бермейді. Қолы ашық, мейірімді жомарт жандар экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, көмек қолын созуға болады.